Биылғы Астана экономикалық форумына 500 мықты экономист маман келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биылғы Астана экономикалық форумына 500 мықты экономист маман келеді

03.05.2018

Елорда маңызды шараға қызу дайындық үстінде. Мамырдың 17-19 аралығында өтетін Астана экономикалық форумы жылдағыдан ерекше өтпек. Биыл бұл шара 3 күнге созылады. Сондай-ақ, 11-ші экономикалық форумға қатысатын спикерлер саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен Астанадағы ауқымды басқосуға 500 мықты деген экономист маман келеді. Форумда көтерілетін тақырыптар да ашық, өткір, әрі өзекті.

«Global Challenges Summit 2018». Яғни, ғаламдық проблемалар саммиті. Биылғы жиын осындай атауға ие болды. Өйткені, бұл жолы дәстүрлі тақырыптар – жаһандық экономика, цифрландыру мәселелерінен бөлек, геосаяси, экологиялық проблемалар, урбанизация, табиғи ресурстар, жаңа энергия, ғаламдық қауіпсіздік, адамзаттың сапалы өмір сүру ұзақтығы сынды түйткілдер көтеріледі.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Ертеңгі күннің қандай болатыны бүгін қабылданған шешімдерге тікелей байланысты. XXI ғасырда уақыт басқа кезеңдермен салыстырғанда зымырап өтіп жатқандай. Кеше ғана құрғақ қиял болып көрінген дүниелер бүгін іске асып жатыр. Сондықтан, заман талабынан қалыс қалмай, дер кезінде жаңа технологияларды, жаңа экономиканы зерттеп, оңтайлы пайдаланып жүрген мемлекеттер ғана жетістікке жетеді.

Алғашқы екі күн бойы қатысушылар жаһандық мәселелерді талқылайды. Ал, соңғы күні спикерлер алты бағыт бойынша Қазақстан Үкіметімен форумға қатысушы сарапшылармен бірлесіп жұмыс істейді. Әлемнің сақа саясаткерлері айтқан ұсыныстар мен идеяларды елімізде іске асыру жоспарланған.

Бауыржан Тұрлыбеков, АЭФ ұйымдастыру комитетінің мүшесі:

- Бірнеше сессия болады. Соның ішінде тепе-теңдік мәселесі. Мемлекеттердің табыстары бірдей емес. Мысалы, бай және кедей мемлекеттер бар. Сондықтан, Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің ішіне кіру үшін табыстың қалай бөлініп жатқанын, келе жатқан процестерден қалмауы керек.

Ауқымды үшінші жаңғыруға бет алған Қазақстан инновациялық әлеуетті, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыруды көздеп отыр. Экономикалық форум - осы мақсатқа жетудің басты құралы. «Болашақ энергиясы» тақырыбында халықаралық «ЭКСПО» көрмесін абыроймен атқарған Астана бұл алқалы жиынды да өткізуге қауқарлы. Форумға дайындық пен онда қозғалатын мәселелерді талқылаған отандық сарапшылардың пікірі осыған саяды.

Альбина Әшім, тілші:

- Францияның бұрынғы президенті Франсуа Олланд, БҰҰ бас хатшысы болған Пан Ги Мун, әйгілі «Apple»-дің құрылуына өз үлесін қосқан Стив Возняк, танымал футуролог Митио Каку сияқты белді саясаткерлер - биылғы форумның спикерлері. Ал, олардың жалпы саны 500-ге жетеді. Қатысушылардың өздерінен-ақ жинақ шығаруға тұрарлық. Атағы ғана емес, айтары да бар мықты мамандар тура екі аптадан соң Тәуелсіздік сарайында әлемдік деңгейдегі мәселелерді сөз етеді. 

Альбина ӘШІМ

 

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.
 

Хабарламаларға жазылу