Банктер төтенше жағдайға байланысты несиені шегеріп жатыр

07.04.2020

Еліміздегі банктерге несиені кейінге шегеру бойынша 1 миллионға жуық өтініш түсіп, көбі мақұлдады. Төтенше жағдайға байланысты жеке тұлғалар мен шағын кәсіп өкілдерінің несиесін шегере тұруға Президенттің өзі пәрмен берген. Яғни, жағдай реттелгенше несиені шегере тұруды өтінсеңіз болды. Оған ешқандай банк қарсылық білдірмейді әрі айыппұл мен өсімпұл есептемейді. Еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктері тұтынушыларға осылайша қолдау білдіріп жатыр. Осы кезге дейін қаржы ұйымдарына несиені шегеру бойынша 849 440 өтініш келіп түскен. Оның 825 001 жеке тұлғалардан болса, 24 439-ы шағын орта бизнес субъектілерінен. 715 699 қарыз алушының арызы мақұлданыпты. Оның 710 788-і жеке тұлға. Бес мыңға жуығы шағын және орта бизнес өкілдері. Қалғандары бойынша алдағы 10 күнде шешім шығады.

Қаржыгерлердің айтуынша, несие төлеу бойынша әр банктің ұсынып отырған мерзімі әртүрлі. Мәселен, бір банк қарызды өтеу уақытын тек 15 сәуірге дейін шегерсе, енді бірі 90 күнге дейін рақымшылық жасап отыр. Мұндай талаптар халықтың арасында түсініспеушілік туғызып жатыр. Сол себепті қазір қаржы ұйымдары несиені төлеудің бір жүйесін мақұлдап сол бойынша жұмыс істеу шараларын ойластырмақ.

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу