Қазақстанда бір тәулікте вирус жұқтырған 78 адам анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бір тәулікте вирус жұқтырған 78 адам анықталды

07.04.2020

Елімізде өткен бір тәуліктің ішінде вирус жұқтырғандардың саны күрт артты. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұл мәселені бүгін онлайн өткен үкімет отырысында көтеріп, дабыл қақты. Қазір емі жоқ инфекция алғаш тараған екі қалада емес, керісінше өңірлерде көбейіп барады.

Қазақстанда 1 тәулікте 78 адам індеттің ілмегіне іліккен. Яғни ауырғандардың саны 13 пайызға артты. Карантиннің көмегі болуы керек, жұмыс мүлде тоқтап, қатынас қысқарған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өсім жоқтың қасы. 0,9 және 3 пайыз.

Қазір еліміз бойынша ауруханаларда 680 адам жатыр. Олардың 510-ы індетті жеңіл өткеріп жатса, 88-нің жағдайы орташа.

Жалпы еліміз бойынша коронавирус жұқтырған адаммен контактіде болған 19 112 адам анықталған. Олардың 97 пайызы карантинге жабылды. Яғни 600-ге жуығы әзірге тексеруден өтпеген. Біздің айналамызда жүруі де әбден мүмкін. Сондықтан төтенше жағдайдың талабын сақтап, барынша сақтанып жүргеніміз абзал.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу