Еліміздің кей аймақтарында қалың қар жауып, боран соқты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің кей аймақтарында қалың қар жауып, боран соқты

07.04.2020

Сәуір келгенімен күн райы тәуір болмай тұр. Еліміздің солтүстік батыс және батыс аймақтарында күн күрт бұзылып, қалың қар жауды. Сонымен қатар желдің қарқыны күшейіп секундына 25-30 метр жылдамдыққа жетті. Салдарынан Қостанай облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылды.

Көктем мезгілімен келгенімен күн құбылып тұр. Еліміздің солтүстік батыс, батыс өңірлерде кешелі бері боран. Ақтөбе, Атырау, Ақтауда желдің жылдамдығы секундына 20-25 метрге жетіп, қар аралас жаңбыр жауған. Ал Қостанай облысында ақтүтек боран соғып, қалың қар түсті.

Қолайсыз ауа райының кесірінен Қостанай қаласында су мен электр жарығы жоқ. Қазір қар басқан Қостанай облысы мен іргелес жатқан Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар автожолдар жабылды.

Қолайсыз күн райы еліміздің оңтүстік өңірлерінде айналып өтпейді. Жақын күндері Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында қатты жел соғып, қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы 5 градусқа дейін суытады. Мамандардың айтуынша, қолайсыз ауа райы тек апта соңына қарай тұрақталады.

Махамбет БЕЙБІТШІЛІК


Хабарламаларға жазылу