Табысынан айрылғандар мемлекеттік көмекті қалай алады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Табысынан айрылғандар мемлекеттік көмекті қалай алады?

31.03.2020

Қазіргі жағдайға орай табысынан уақытша айырылған адамдарға мемлекет әлеуметтік төлем тағайындағаны бұған дейін хабарлаған едік. Төтенше жағдай кезіндегі жасалатын төлем мөлшері ең төменгі жалақыға тең. Яғни 42 500 теңге. Алайда кей тұрғындар оны алудың жолын таппай әлек.

Алдымен мынаны ажыратып алайық. Жұмыстан мүлде шығып қалған кезде 6 ай бойы бұрыңғы жалақыңның 40 пайызын алып тұруға болады. Оны рәсімдеудің бөлек тәртібі бар. Және ол төтенше жағдайға қатысы жоқ төлем. Екіншісі төтенше жағдай кезінде табысынан уақытша айырылған азаматтарға берілетін әлеуметтік көмек.

1 Өзінің қызметкеріне айлық төлей алмай қалған кәсіпкерлер мемлекеттен көмек алып, әр жұмысшының атына өтініш бере алады.

2 Өз өзіне жұмыс істеп, әлеуметтік және зейнетақы жарналарын төлейтіндерге де көмек бар.

3 Бейресми жұмыс істейтіндерге, мысалы такси жүргізушілеріне, бала күтушілеріне де әлеуметтік төлемді рәсімдеп алуға болады.

4 Төртіншісі және ең негізгісі. Табысынан уақытша айырылған қызметкерлер көмекті қалай алады?

Алдымен egov.kz сайтына кіріп, электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркелеміз. Оң жақ жоғарғы бөлігінде аты жөніңізді басып, электронды өтініштер батырмасын басамыз. Сосын «онлайн сұрау» бетіне өту қажет. «Құру» батырмасын басып, өзіңіз туралы барлық ақпаратты толтырасыз. Ең соңында «жіберу» батырмасын басып, Электронды цифрлық қолтаңбаңызбен қол қойып, өтініш жібересіз.

Ескеретін жайт. Қазір табысыңыздан айырылғаныңыз туралы ақпаратты тіркеудің қажеті жоқ. Дегенмен, жалған ақпарат жасап, көмек алсаңыз кейін жауапқа тартылуыңыз әбден мүмкін. Бұл жерде барлық жауапкершілік әлеуметтік көмекке сұраныс жасаған адамның мойнына жүктеледі.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу