Эпидемия кезінде 1,4 миллиард қытай саналы түрде үйінен шықпай отырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эпидемия кезінде 1,4 миллиард қытай саналы түрде үйінен шықпай отырды

17.03.2020
Эпидемия кезінде 1,4 миллиард қытай саналы түрде үйінен шықпай отырды

Өткен тәулікте Қытайда 21 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. 13 адам індеттен көз жұмған, ал 930 науқас ауруханадан шығарылған.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, эпидемия құтырынып тұрған кезде күн сайын 3 мыңнан астам вирус жұқтыратын болса, соңғы күндері бұл көрсеткіш едәуір азайып отыр. Бір айдың ішінде індет 98 пайызға жеңілдеген. 

Күн сайын Хубэй провинциясынан тысқары жерде жұқтыру оқиғалары азайып келеді. Жаңа жұқтыру оқиғалары тіркелген жағдайда да – олар басқа мемлекеттерден келгендер. Көптеген қала мен провинцияларда коронавирустың анықталуы нөлдік деңгейге жетті. Ал бұл індеттен сауыққан адамдардың саны айтарлықтай өсіп отыр.

Қытайдың Қазақстандағы Бас консулы Гэн Липиннің айтуынша, қауіпті вирусты жұқтыру мен өлім-жітім деңгейін азайту үшін Қытай жанкештілікпен және орасан күш-қуатын жұмсады. Мемлекеттің барлық аймағынан 330 санитарлық отряд пен 41 600 медициналық қызметкер Хубэй провинциясына көмектесуге аттанды. Бар болғаны 10 күннің ішінде Ухан қаласында 2 арнаулы аурухана салынып, 20 мыңнан астам оқшауланған төсек-орын дайындалды. Сондай-ақ эпидемия кезінде 1,4 миллиард Қытай азаматы саналы түрде үйінен шықпай отырған.

Бүгінде Қытайда коронавирус жұқтырандардың саны 80 881-ге жетті, 3226 адам қайтыс болған. 68,8 мыңнан астам науқас дертінен айыққан.

egemen.kz

Хабарламаларға жазылу