Қазақстанда неліктен бензин арзандамайды?

15.03.2020

Дүйсенбіде мұнай бағасы 30 процентке құлап, баррелі 30 доллардан түсіп кетті. Басты себебі - мұнай өндіруші елдер ұйымы – ОПЕК+-ң келіссөзі аясында Сауд Арабиясы мен Ресейдің баға соғысы басталды. Сауд Арабиясы мұнай өндірісін тәулігіне 1,5 миллион баррельге азайтуды ұсынған, оның 1 млн-н ОПЕК-ке мүше елдер, 500 мыңын Ресей азайтуы керек деп. Ресей оған келіспеді. Жалпы, Ресейдің мұнай маңындағы «маңызды» менеджерлерінің-өте ықпалды адамдарының «ОПЕК-тен шықсақ, АҚШ-ң тақтатас мұнайын «тас» қып қатырамыз», деген ойы бар. Бірақ олар Сауд Арабиясының мұнай нарығынан Ресейді барынша ығыстырғысы келетінін ұмытып кететін сияқты.

Кейбір сарапшылар кезінде АҚШ президенті Рональд Рейганның Сауд Арабиясымен келісіп, мұнай өндірісін ұлғайтқызып, тиісінше, бағасын барынша түсіріп, Кеңес Одағын құлатудың бір амалы қылғанын еске салады.

Осы сәтте мынадай қызық фотомен бөліскім келеді – 1985 жыл, Сауд Арабиясының королі Фахд, Рональд Рейган, жұбайы Нэнси, және кәсіпкер Дональд Трамп, бірінші әйелі Иванамен.

Жә, үлкен саясаттың ұңғыл-шұңғылы көп. Өзімізге келейік. «Мұнай қымбаттайды – бензин қымбаттайды. Мұнай арзандайды- бензин бәрібір қымбаттайды. Бензин алған бетінен қайтпайды. Бензин сияқты бол!» деген мысқыл сөз бар. Иә, біздің жоғары атқарушы биліктің «бензин бағасын нарық реттейді» деген жауабы бар. Яғни «мұнай бағасы түскенде арзандайтын бір тауар болса, ол - бензин» деп ойламай-ақ қойыңыз. Қате. «Шикізатқа тәуелді экономика» деген үлкен қате туралы да айтпаймыз ба?..

 Президент 9-нда шұғыл шаралар қабылдауға шұғыл жиналыс өткізді. Үкімет басшысы штаб басқарады.

Данияр ҚАЙЫРТАЙ


Хабарламаларға жазылу