Қазақстанда бензин қымбаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда бензин қымбаттады

26.02.2021

Қазақстанда бензин қымбаттады. Бір күнде ірілі-ұсақты бекеттер жанармай литрінің бағасын 6-10 теңгеге өсіріп жіберді. Энергетика министрлігі отандық нарықтағы өзгеріс әлемдегі мұнай бағасының өсуімен байланысты емес дейді. Елорданың өзінде қазір АИ-92 маркалы бензиннің литрі «ГазЭнерджи» бекетінде 156, «ТрансОйлда» 160 теңгеден сатылып жатыр. Бұл станцияларда жанармай күні кеше 150 теңгеден саудаланған. Энергетика министрлігінің өкілдері бензин бағасының 2015 жылдан бері мемлекет тарапынан реттелмейтінін айтады. Пандемияға байланысты былтыр мұнай өнімдеріне сұраныс төмендеген. Салдарынан жанармай да арзан болды.
Талғат Құрманбаев, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
Сұраныстың өсуіне және экономиканың жандануына байланысты бензиннің көтерме сауда бағасы 7 мен 15 теңге арасында болса, ол литрге шаққанда 6 мен 10 теңгеге сәйкес. Бензиннің бағасы қазіргі таңда әлемде байқалып жатқан, мұнай бағасының өсуіне тікелей байланысы жоқ.
Сарапшы да бағаның өзгеруін нарық тетіктерімен байланыстырады. Яғни, сұраныс болса, ұсыныс бар. Оның үстіне баға еркін айналымда. Ал бензин құнының тым ұзақ уақыт тұрақты болғаны мемлекет үшін де, өндіруші компаниялар үшін де тиімсіз дейді
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Қазақстан экономикасы үшін оншалықты тиімді емес. Себебі, бұл өндірушгілердің өзіндік құнын қамтымайды және оларға пайда, яғни инвестициялық табыс әкелуге мүмкіндігі жоқ.
Осы тұста айта кетерлігі, енді 2 күннен кейін көлікке құятын сұйытылған мұнай газының бағасы қайтадан еркін нарыққа шығарылады. Дегенмен Энергетика министрлігінің өкілдері баға бақылауда болады деп сендірді. Шекті бағаны ведомство өзі бекітеді.
Дәурен Әбілқайыров, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
Бағаның 1 наурыздан кейін көтеріліп кетеді деген ешқандай негіз жоқ. Заңсыз көтерілген жағдайда бәсекелестікті қорғау агенттігі оны қадағалап, тиісті шараларды қолданады.
Еске салар болсақ, Мемлекет басшысы пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай кезінде сұйытылған газдың бағасын уақытша реттеуді тапсырған болатын. 1 наурыздан бастап бұл бағыттағы жұмыстар тоқтайды.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу