Енді маңызды деп шешкен жаңалықтар топтамасын ұсынамын:
Былтыр жазда Ақмола облысында қорықшы Қаныш Нұртазиновті өлтірген браконьер Анатолий Бонякевич 18 жылға сотталды.
«Генетикалық сараптама қорытындысы 11 ақпанда Масаншы ауылында үйінді арасынан табылған адамның аты-жөнін анықтады. Ол 20 жастағы Мұрат Масанов болып шықты», - деді Жамбыл облысының полиция департаментіндегілер.
Ал 3 Наурызда Семей қалалық №2 соты Мұхтар Жәкішевті шартты жазамен босату жайлы шешім шығарды. Сот шешіміне прокуратура 15 күн ішінде қарсылық білдірмесе, Жәкішев бостандыққа шығуы тиіс. "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы жетекшісі 2009 жылы тұтқындалып, 14 жылға сотталған. 29 ақпанда, Жәкішевтың сотынан үш күн бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған іске қатысты өз ойын білдірген еді. «Бұл тек соттың құзыретіндегі мәселе. Мен, әрине, Жәкішевтің денсаулығына байланысты бірнеше рет мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш бергенін білемін. 3 наурызда сот отырысы өтеді. Соттың шешімін күтейік, оның әділ болатынына сенімдімін», - деді сол кезде президент «Информбюро.кз» сайтына берген сұхбатында.
Ал 2018 жылы Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтіп, «шекара бұзу» айыбымен алты ай шартты жазаға кесілген Сайрагүл Сауытбай АҚШ-тың "Батыл әйелдер" халықаралық сыйлығын алды. Құрама штаттардың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео мен АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп табыстаған сыйлық бейбітшілік, әділдік, адам құқығы, гендерлік теңдік, әйелдер құқығы үшін күресіп, өмірін қауіпке тіккен әйелдерге беріледі. Пампео марапаттау рәсімі кезінде «Сайрагүл Сауытбайға бас иеміз. Ол шындықты айтқаны үшін отбасынан ажырап, қамалып, қысым көрді, өлім жазасына кесілуі де мүмкін еді» деген.
Этникалық қазақ Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерьлерінде мұғалім болып жұмыс істеген. Ол Қазақстан азаматы болып саналатын күйеуі және екі баласымен қауышу үшін Қорғас бекетінен Қазақстанға шекара бұзып өткен. Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрағанымен, оған бұл статус берілген жоқ. Қазір ол Швецияда тұрады.
Венесуэла президенті Николас Мадуро әйелдерге «бала табыңыздар, әр әйелде 6 баладан болу керек!» деп ұрандаған. Бұл ел әлеуметтік-экономикалық дағдарыста, гиперинфляция, девальвация, бірінші кезекте тұтынатын тауарлар тапшы. БҰҰ есебі бойынша Венесуэланы 4,5 млн адам тастап кеткен, 6,5 млнға дейін өсуі мүмкін.