Қытайда коронавирустан жазылып, ауруханадан шыққан кей адамдарда инфекция белгілері қайта пайда болды. Бұл жағдай Хубэй провинциясында анықталған. Ал Иранда одан қаза тапқандар саны 92-ге жетті.
Бүгін Үндістанға барған Италияның 16 азаматынан коронавирус анықталды. Осылайша, елде жұқпалы инфекцияға шалдыққандар саны күрт өсіп, 28-ге жетті. Бұл жағдайдан кейін, елдегі қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Емі жоқ дерт әлемдегі ірі қалалардың бірі – Нью-Йоркке де жетті. Мұнда екі науқас анықталған соң, бірнеше мектеп пен оқу орындары жабылды. Осы орайда, америкалық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцина 1,5 жылдан кейін бірақ шығуы мүмкін екенін айтты.
Ал, Оңтүстік Корея коронавируспен күреске 2,8 миллиард доллар бөлмек. Елде соңғы күндері инфекцияны жұқтырғандар саны күрт өскен. Жұқпалы дерттен 32 науқас көз жұмды. Ауру белгілері тағы 5 мыңнан астам адамда анықталып, ауруханаларда орын жетпей жатыр.
Қытайдың өзінде өлім-жітім азайып келеді. Дегенмен, эпидемия әлемді жайлап барады. Соңғы мәліметке сәйкес, COVID-19 Чили, Аргентинада да анықталды.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ