Еліміздің еркін күрес шеберлері Токио Олимпиадасына қызу дайындалып жатыр. Қазіргі таңда балуандар 4 жолдамаға ие. Бұл лицензияны спортшыларымыз елордада өткен әлем чемпионатында қанжығаға байлаған еді. Күншығыс елінде еркін күрестен алты салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынады. Әр салмақта белдесетін балуандардың саны 22-ден 16-ға қысқарды. Бұл тек мықтылар іріктеліп, бәсеке арта түседі деген сөз. Енді олар байрақты бәсекелерде тағы екі жолдама ұтып, толық құрама болып баруды көздеп отыр. Ал төрт жылдықтың басты бәсекесінде бапкерлер кемі бір медаль аламыз деп отыр.
Қазақ спортшылары олимпиада қарсаңында өздерінің нағыз бабында екендігін көрсетіп отыр. Бір апта бұрын ғана Үндістан елінде өткен Азия чемпионатында біздің жігіттер 2 алтын, 4 қола медаль ұтып алды.