Елімізде коронавирусқа байланысты сақтық шаралары күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде коронавирусқа байланысты сақтық шаралары күшейтілді

23.02.2020

«Зайсанға коронавирус жұқтырған Қытай азаматтары келіп жатыр, олар аудан амбулаторияларына жатқызылады» деген ақпаратты терістеу үшін атқарушы билік өздері айтпақшы, «түсіндіру жұмыстарын» жүргізді. Әсіресе Сартерек және Айнабұлақ ауылдарының халқы қатты алаңдаған. Денсаулық сақтау министрі арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. ШҚО әкімі Зайсанға барып, «біріншіден, екіншіден» деп санамалап, жұртты тыныштандыруға тырысты. Әсіресе осындай – қауіпті вирус таралу қаупі бар уақытта кез келген ақпарат дүрліктіріп ғана қоймайды, аттандауға дейін апарады. Демек аязды күні атқа мініп, арқа мұздай болып терлемеу үшін ахуалды баяндап, жоспардан алдын-ала құлағдар етіп отыру керектігі тағы айқын көрінді. Сонымен Елжан Біртановтың айтуынша, Қытайда бизнеспен, саудамен айналысатын еліміздің азаматтары бар. Олардың елге қайтуына мүмкіндік берілуі керек.

Жұқпалы вирус әлемнің 30-ға жуық еліне тарап үлгерді. Сондықтан сол мемлекеттерден келетіндер де жіті тексеріледі. Әсіресе, Сингапур, Жапония, Таиланд, Оңтүстік Корея, Гонконгтан келген азаматтар 24 күн бойы бақылауда болады.

Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов сақтық шаралары мейлінше күшейтілгенін айтты. Облыстарға арнайы нұсқаулық жіберілген. Жұқпалы ауру тіркелген елдерден келген азаматтар үшін арнайы іс-қимыл жоспары бекітілген.

Ал «Даймонд принцесс» деген круиз лайнеріндегі төрт қазақстандықтың екеуінде коронавирус анықталмапты. Қалған екі адам бойынша ақпаратты күтіп отырмыз деген министр, кемедегі отандастарымызды елге қайтару жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бейсенбіде Уханьнан Украина азаматтарын эвакуациялау кезінде екі қазақстандықтың біреуінің қызуы көтеріліп сонда қалып қойған етін.


Хабарламаларға жазылу