Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 100 жасқа толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 100 жасқа толды

20.02.2020
Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 100 жасқа толды

Бүгін Қазақ телевизиясының тұңғыш дикторы Зұлқия Жұматова 100 жасқа толды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев «Қазақ дикторларының анасы» атанған Зұлқия Мұқанқызын ғасырлық мерейтойымен құттықтады. 

«Сізді ғасырлық белесіңіз – 100 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз отандық көгілдір экранда тұңғыш рет қазақ тілінде эфирге шыққан Қазақ телевизиясының қарлығашысыз. Көзі қарақты көрермен 1958 жылғы 8 наурызда алғаш рет Сіздің «Кеш жарық» деген сөзіңіз арқылы ана тіліміздің асқақ үнін естіді. Тарих беттерінде қатталған сол кезеңнен бері ұзақ жылдар Қазақ телевизиясында абыроймен қызмет атқарып, соңғы жаңалықтар мен көркем шығармаларды, ел басшылығының үндеулерін халыққа үздіксіз жеткізіп отырдыңыз. Әр жылдары шығармашылықпен айналысып, балалар әдебиетінің алтын қорын толықтыруға үлес қостыңыз. Мерейтойыңызбен құттықтай отырып, Сізге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат тілеймін!», - делінген Мемлекеттік хатшының құттықтау хатында. 

Зұлқия Мұқанқызы 1920 жылдың 20 ақпанында Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Алматы телестудиясы ашылған 1958 жылы дикторлыққа жарияланған конкурсқа қатысып, 750 адамның арасынан үздік шығады. 



«Мәдениет министрлігінің өкілдері бастаған комиссия 20 кісіден тұрды. Олар ақылдасып болған соң, «Сіз бірауыздан өтесіз» деді. Артынан білгенімдей, бағанадан бері менімен тілдескен Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп ризашылығын білдірді. Сол кезде 1 орынға 750 адам үміткер болыпты. Дәл осылайша, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды»,- деп еске алады З.Мұқанова.

Сол жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде телехабарлар мен жаңалықтардың жүргізушісі ретінде қатысып, Юрий Левитан, Нина Кондратова сияқты бүкіл одаққа танымал дикторлармен қатар дикторлық өнердің құпиясымен танысады. Зұлқия Мұқанқызы қара шаңырақта 1958 жылдан 1970 жылға дейін қызмет етті. 


«Қазақстан» республикалық телерадиокорпарациясы Зұлқия Мұқанқызының қатысуымен Алматы студиясында арнайы хабар түсіреді. «Бір ғұмыр – бір ғасыр» жобасы «Qazaqstan» телеарнасының эфирінен 8 наурыз қарсаңында көрсетіледі. Бүгін 16:00-де Ұлттық арнадан қазақ телевизиясының қарлығашына арналған «Келбет» бағдарламасы эфирге шығады.  


Хабарламаларға жазылу