Коронавирустың жаңа түрін жұқтырудың расталған жағдайларының саны Қытайдан өзге жерлерде де өсуде. Бүгін таңертең Қытайдан тыс жерде жұқтырғандар саны 1011-ге жетті. Бұл туралы South China Morning Post газеті хабарлады.
Басылымның веб-сайтындағы интернет-есептегіштің мәліметі бойынша, әлемде 75 196 жағдай тіркелген. Оның ішінде, Қытайда тіркелгені - 74 185.
Коронавирус дерегі бойынша, екінші орынды Жапония 613 жағдаймен алып отыр. Оның ішінде, Diamond Princess круиздік кемесінде 542 адам вирус жұқтырған.
Одан кейінгі орындарға Сингапур - 81, Гонконг - 62, Оңтүстік Корея - 46, Тайланд - 35, Тайвань мен Малайзия - 22, Германия және Вьетнам - 16, Австралия және АҚШ - 15, Францияда - 11, Макаода және 15 елде 10-нан аз жағдай тіркелген. Ал, Ресейде - 2 жағдай тіркелді. Екі науқас та сауықтырылды.
2019 жылғы 31 желтоқсанда Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елдің орталық бөлігіндегі Ухан қаласында (Хубэй провинциясы) белгісіз пневмонияның өршуі туралы хабарлады. ДДҰ індетті халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп таныды. Аурудың ресми атауы - COVID-2019.