Ауа райының нашарлауынан 4 өңірде Жедел штабтар жұмысын қайта бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауа райының нашарлауынан 4 өңірде Жедел штабтар жұмысын қайта бастады

14.02.2020
Ауа райының нашарлауынан 4 өңірде Жедел штабтар жұмысын қайта бастады

Ауа райының нашарлауына байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінде және бірнеше өңірде Жедел штабтардың жұмыстары жандандырылды.

«Ауа райының бұзылуына байланысты 13 ақпан күні Төтенше жағдайлар комитетінде және Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан қалаларында Жедел штабтар жұмыстарын қайта бастады. Сондай-ақ шұғыл желі жұмысын жалғастырып жатқанын еске саламыз», - деді ҚР ІІМ ТЖК-дан. 

Мәлім етілгендей, 14 ақпан таңертеңгі сағат 06:00-дегі жағдай бойынша елімізде 40 тасжол жабық тұр. Оның 12-сі республикалық, 28-і облыстық маңызы бар жолдар. 

«Өткен тәулікте 41 адам құтқарылды, оның екеуі – балалар, 30 адам эвакуацияланды. Қар құрсауынан 2 көлік шығарылды. «Қазгидромет» 14 ақпанға 6 өңірде ескерту жариялады. Осыған байланысты біздің ұсыныстарымызды ескеріп, елді мекендерден тыс жерге шықпауды сұраймыз», - делінген ТЖК хабарламасында.

Айта кетейік, 13 ақпан күні қатты бұрқасын салдарынан елордадан шығатын екі ақылы жолда жаппай жол-көлік апаттары болды. Оның бірі сағат 15:00-де Щучинск—Нұр-Сұлтан автожолында тіркелді. Жолдың Нұр-Сұлтан қаласына қарай 36-шы шақырымында 20-ға жуық автокөлік соқтығысып қалды. 

Ал елордадан Щучинскіге қарай жолдың 37-ші шақырымында 16 автокөлік өзара соқтығысты. Мұнда 5 адам жарақат алды. Оның ішінде 2 жасар бала да бар. Үшінші жол-көлік оқиғасы Нұр-Сұлтан-Теміртау автожолының 1408-шақырымында сағат 16:00 кезінде болды. Шоқай елді мекенінің маңында 15 көлік соқтығысып қалған. Оның ішінде 3 жүк машинасы, 2 газель, 10 жеңіл көлік бар.

Хабарламаларға жазылу