Қытайда жаңа типті коронавирусты жұқтырғандар саны күрт өсті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 вирусын өткен тәулікте 15 152 адам жұқтырса, 254-і одан қайтыс болған. Осылайша, құрбандар саны 1367-ге жетіп, ауруға шалдыққандар 60 мыңға жуықтады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күні кеше ғана эпидемия қарқыны баяулады деп хабарлаған еді. Алайда, қытайлық мамандардың жаңа дерегі инфекцияның өршіп бара жатқанын байқатып отыр.
Дәрігерлер бұл көрсеткіштердің күрт өсуін диагностикалық әдістің өзгеруімен түсіндірді. Яғни қазір лабораториялық зерттеуден бөлек, өкпе компьютерлік томографиядан да өткізіледі. Осылайша, бұрынғы диагноздар қайта қарастырылып, сау деп танылған науқастардан пневмония белгілері анықталып отыр. Ал емі жоқ дерттен бүгінге дейін 5911 адам айығып, олар ауруханадан шығарылып, үйлеріне жіберілген.
Жансая ҚАПАСҚЫЗЫ