Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны шын мәнінде он есе көп болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны шын мәнінде он есе көп болуы мүмкін

04.02.2020

Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны шын мәнінде он есе көп болуы мүмкін. Мұны Гонконг университетінің дәрігерлері болжап отыр. Олардың дерегінше, қаңтардың 25-не дейін жұмбақ пневмонияға 75 мың адам шалдыққан. Ал ресми мәліметтерде сол күнге дейін тек 2 мың адамның ауырғаны айтылды. Әйгілі «Лансет» медициналық журналы да коронавирустың біз ойлағаннан әлдеқайда тез тарап жатқанын хабарлап отыр.

Соңғы ақпаратқа жүгінсек, өткен тәуліктің өзінде бұл инфекциядан 64 адам қайтыс болып, құрбандардың жалпы саны 425-ке жетті. Ал оны жұқтырғандар 20400-ден асқан. Және де коронавирустан материктік Қытайдан тысқары жерлерде – Филиппин мен Гонконгте бір-бір адамнан жан тәсілім етіп, жаңа вирус әлемнің 23 елінде 151 адамнан табылып отыр.

Гонконг тұрғындары қазір Қытаймен арадағы шекараны түгел жабуды талап етіп жатыр.

Бүгінде әлемнің бірқатар ғылыми орталықтары коронавирусқа қарсы вакцина жасау жолында зерттеулер жүргізіп жатыр. Ал Таиланд дәрігерлері кәдімгі антивирустық препаратты ВИЧ-ке қарсы дәрілермен араластырған. Бұл коктейлді қабылдаған науқастардың жағдайы 48 сағаттан кейін жақсарды. Солардың ішінде организмінен вирус табылған, денсаулығы мейлінше нашарлаған қытайлық 70 жастағы әйел де бар. Ол да Таиландқа Уханнан барған.

Ал Жапония үкіметі осыдан бірнеше сағат бұрын «Гауһар Ханшайым» атты круиздік лайнерді карантинге алғанын жариялады. Өйткені, оның бортындағы 3700 адамның бірінен коронавирус табылды. Гонконгтың 80 жастағы тұрғыны бұл саяхатшылар кемесіне қаңтардың 20-да мініп, 25-де одан түскен. Сол үшін жолаушыларды да, экипаж мүшелерін де скринингтен түгел өткізу қажет болып отыр.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу