АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Киев, Минскіден кейін Нұр-Сұлтанға келді. Оны Президент Қ.Тоқаев қабылдады. «Мемлекеттік хатшы М.Помпеомен ҚР мен АҚШ-тың стратегиялық серіктестігін нығайтуға уағдаластық. Сауда, инвестиция, көлік, қауіпсіздік, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, заң үстемдігі, агросектор, жасанды интеллект, туризм салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқыладық» деп жазды Президент. Кейбір сарапшылар АҚШ –ң Орталық Азияға ықпалы Ресей мен Қытайдың ықпалына жетпейді дегенмен, қарым-қатынастардың жан-жақты, әрі барынша терең болғанына олар да, біз де аса мән береміз, әрине.
Помпео түске дейін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөздер жүргізген. Сыртқы саясат ведомствосының басшысы «Әріптеспен АҚШ –ң санкциялық саясатына байланысты туатын мәселелерді талқыладық. Қазақстандық жеке және заңды тұлғалар санкцияға ұшырап қалмауы үшін Мемлекеттік департамент қолдауын жалғастырады», деді баспасөз мәслихатында.
Айтатыны, Майк Помпео коронавирустың біздің еліміздегі алдын алу шараларын респект дегендей бағалаған. Ал жалпы, Қазақстанның өз азаматтарын Сириядан қайтару шараларын атап өткен. Сонымен қатар ол былтыр Қазақстанда басталған саяси өзгерістерді де сөз етті.
Айтпақшы, М. Помпео твиттердегі парағында : «Шыңжаңда лагерьде отырған этникалық қазақтардың отбасылармен кездестік. Оларды Қытайға қайтармағаны үшін Қазақстанға ризамыз», -деген.