Қызылкесік ауылының кез келген баласы асауды ауыздықтай алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылкесік ауылының кез келген баласы асауды ауыздықтай алады

31.01.2020

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қызылкесік ауылының кез-келген баласы ат жалын тартып, асауды ауыздықтай алады. Бәйгенің алдын бермей, топ жарып жүрген шабандоздар да осында.

Қала баласы үшін бұл таңсық болғанымен, қыр баласы үшін әдепкі көрініс. Демалыс күндері тіптен таң бозынан осы жерге жиналуды балалар өз араларында уағдаласады. Ал сабақ уақытында түс ауа кеш батқанға дейін тақым жазбастан тай жарыстырып, асау үйретеді.

Жон арқасына қамшы салдырып көрмеген асауды үйрету оңай емес. Десе де ат жалын тартқан жасқа жеткен кез-келген ауыл баласы ауыздықпен алысқан талай асауды өз дегеніне көндіреді. Бастапқыда жылқы да мөңкіп тоң мінез танытқанымен, ойын баласының риясыз көңіліне көндігіп, монтансып қалады.

Ат десе делебесі қозатын ауыл балалары ұлттық ойындарға да ерекше мән береді. Қыстың шыңылтыр аязына шыңдалып өскен ауыл балалары күн ұзақ ат үстінде түрлі ойындар ұйымдастырады. Жас ерекшеліктері әртүрлі болғанымен, олардың әуесі ортақ.

Жалпы, Тарбағатай ауданы атбегілікке ерекше ден қояды. Ауданда екі ат спорт мектебі бар. Аталмыш мектеп Ақжар және Екпін ауылында болғанымен, ауданның кез-келген ауыл баласы ат құлағында ойнайды.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу