Елімізде ақпан айынан бастап ақша айырбастау пунктері жаңа ережеге сай жұмыс істейді. Бұған дейін аталған орындардан бірнеше мәрте заң бұзушылық деректері анықталған. Енді жаңа талапқа сәйкес, жұмысына салғырт қараған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып, көлемді айыппұл төлейді.
Ақша айырбастау орындары таңғы 9-дан кешкі 20-00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Ал түнгі уақытта ақша айырбастағысы келетіндер тәулік бойы қызмет көрсететін әуежай мен теміржол вокзалдарындағы пунктерге баруы қажет. Ал ірі сауда орындарында сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат беріледі.
Бұдан бөлек, енді әр клиенттің аты-жөні мен жеке деректері де айырбастау орындарында тіркеуге алынады. 500 мың теңгеге дейін валюта айырбастаған азаматтардың тек аты-жөні мен жеке сәйкестіндіру нөмірі тіркеледі. Ал бұл сомадан асырған адамның жеке куәлік нөмірі мен заңды мекен-жайы міндетті түрде жазылады. Осылайша клиенттердің қауіпсіздігі мен ақшаны расымен де сол орыннан ауыстырғандығы расталады.
Мамандардың сөзінше, қолма-қол ақша айырбастау орындарына енгізілген жаңа өзгерістер, ең әуелі клиенттердің қауіпсіздігін күшейтуді көздейді.
Бауыржан ЖАҚСЫМБЕТ