Қытаймен шекаралас кейбір бекеттердің жұмысы уақытша тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытаймен шекаралас кейбір бекеттердің жұмысы уақытша тоқтатылды

27.01.2020

Коронавирус індетінен сақтық шаралары Алматы облысында да күшейтілді. Қытай елімен шекаралас бекеттерде бақылау еселеніп, кейбір өткізу пункттерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Екі ел арасындағы жүк тасымалы ерекше бақылауға алынып, шекара аймағында жұмыс істейтін азаматтар тексерілуде. Әзірге қауіп жоқ. Десе де шекарадағы жағдайды жіті бақылауда ұстап, барлық құзырлы органдарды пысықтау тапсырылды.

Бұл кеден бекетінен жай күндері Қазақстан тарапынан 3,5 мың адам кіріп шығады. Демалыс күндері олардың саны бес мыңға жетеді. Жалпы Қытай халқы шығыс күнтізбесімен жаңа жылды атап өтер уақытта бұл жер екі аптаға жабылады. Ал қазіргі жағдайға байланысты облыс әкімінің ұйғарымымен бекет жұмысы 15-ші ақпанға дейін тоқтатылды.

Өңірдегі басқа кеден бекеттері күнделікті күн тәртібімен жұмыс істеп тұр. Ең бастысы бақылау күшейтілген. Барлық өткізу пункттері адамның дене қызуын анықтайтын арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіліп, оқшаулау бөлемелері белгіленген.

Барлық кеден бекеттеріне қажет болған жағдайда қосымша медицина қызметкерлері тартылмақ. Мамандар індетке қарсы барынша сақтану керектігін ескертуде.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу