Құтқарушылар қар құрсауында қалған автокөліктерді шығарды

27.01.2020

Қарлы боран еліміздің бірқатар өңірлерін де әбігерге салуда. Қарағанды облысында барлық бағыттағы жолдар жабылды. Дегенмен елді мекендерден сапарға шығып кеткен жолаушылар қар тұтқынында қалған. Қостанай, Ақмола облыстарында да жолаушылар құтқарылған. Ал коммуналдық сала жұмысшылары күрежол тұрмақ қала ішін қардан тазартып үлгермей жатыр. Соңғы тәулікте құтқарушылар мен «Қазавтожол» мекемесінің жұмысшылары 319 адамды қар құрсауынан алып шыққан. Соның 59 балалар. Әсіресе Жезқазған, Теміртау, Абай қалалары, Бұқар-Жырау, Жаңаарқа, Ұлытау, Нұра және Осакаров аудандарына барар жолдарды қар қалың басқан. Бір ғана Теміртау маңында 10 көліктен 35 адам құтқарылып, қауіпсіз жерге орналастырылған. Коммуналдық сала жұмысшылары автобан бойын тазалап жатқандықтан тек Теміртаумен арада көлік қозғалысы бар.

Қала ішінің қарын коммуналдық қызмет тазалап үлгермей жатыр. Бұл қоғамдық көліктердің де қозғалысын қиындатқан. Бүгін мектептерде сабақ болған жоқ.

Ақмола облысында да демалыс күндері қарлы боран соққан. Өткен тәулікте өңірде қар құрсауынан 200-ге жуық адам құтқарылды. Оның 43-і бала. 68 адам жылыту орындарына жеткізілген. Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы аудандарда қолайсыз жағдай сақталуда. Қар құрсауында қалған көліктер әлі де бар. Қазір оларды алып шығу шаралары қолданылуда. Көкшетаудың іші де қарға толы. Көлік қозғалысы қиындаған.

Қостанайда коммуналдық кәсіпорындар күшейтілген жағдайда жұмыс істеп жатыр. Үздіксіз соққан боранның кесірінен күре жолдар бітеліп, елді мекендерді қар басты. Ауа-райының қолайсыздығынан барлық бағыттағы көлік қозғалысына шектеу қойылды. Соның салдарынан медициналық көмекке мұқтаж болған 2 адам шалғай ауылдардан аудандық аруханаға құтқарушылардың көмегімен жеткізілді. Оның бірі жасқа толмаған нәресте. Екіншісі жүкті әйел.

Өңірлерде әлі де болса қарлы бұрқасын соғады деп күтілуде. Сондықтан алыс жолды кейінге қалдырып, қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу