Боранға байланысты елордада төтенше жағдай жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Боранға байланысты елордада төтенше жағдай жарияланды

27.01.2020

Нұр-Сұлтанда ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Борай да борай қар жауып, жолдар жабылды. Әуе рейстері уақытша тоқтатылды. Екі мыңдай адам қар құрсауында қалған. Әсіресе трассаларда тұрып қалғандарға қиын болды. Олар боранмен арпалысып, сағаттап көмек күткен.

Солтүстік өңірлерде дабылды ескерту жарияланғанына бірнеше күн болды. Соған қарамастан, адамдар жолға шығып, қар құрсауында қалды. Елді мекендерде тіршілік жағдайын қамтамасыз ету мәселелері туындады. Адамдар жұмысқа, үйге уақытылы жете алмай, медициналық қызметтер дер кезінде көрсетілмеді.

Төтеншеліктер 400-ге жуық адамды Ақкөлге апарды. Оның 48-і бала. Сондай-ақ 3 автобус, 13 жүк көлігі және 157 жеңіл автокөлік қалың қардан шығарылды.

Елдімекенде қозғалыс тоқтаған. Адамдар қалаға жаяу қатынауға мәжбүр. Қалың қарды тұрғындардың өздері тазалауға көшкен.

Ал Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев автожолдардағы жағдай күрделі күйінде қалып отырғанын айтты. Министрлік 2 күнде эвакуациялық-құтқару жұмыстарына 2 мыңдай полиция қызметкері, төтенше жағдай және Ұлттық ұлан әскери қызметкерлері тартылғанын хабарлайды.

Мамандар азаматтардан ескертулерге назар аударуын сұрайды. Өйткені, боранды күні жолға шыққан жолаушылардың дені бекеттерді өз бетінше айналып өткендер.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ 


Хабарламаларға жазылу