Ұлттық арна ұжымы қар тазалау челленджін қабылдап, мұқтаж жандардың ауласын тазалап берді

24.01.2020

Солтүстік өңірлердегі ақтүтек бораннан соң басталған «Біз біргеміз!» қар күреу челленджін Президент Қасым-жомарт Тоқаев та қолдады. Ұлттық арна ұжымы да бұл сауапты істен қалыс қалмауды ұйғарды. Елордадағы «АйКөмек» қызметінен мұқтаж жандардың тізімін алдық. Жалпы осы орталықтың нөміріне кешелі бері қар құрсауында қалған тұрғындардан 700-дей өтініш түскен. Солардың арасында мұқтаж жандарға көмек қолын созу үшін жігіттеріміз қолына күрек алды.  

Алдымен Үркер шағын ауданындағы бірнеше үйді бетке алдық. Қардың қалыңдығы соншалық діттеген жерімізге жетудің өзі мұң болды.

Манаргүл Махпузқызы - жалғыз басты ана. Алты бала бағып отыр. Отағасы 4 жыл бұрын өмірден озған. Ұлдарының үлкені - 10 жаста. Үй маңын тазалауға әзір шамасы келмейді. Ет сақтайтын қоймасы, көмір қойған қорасына дейін қар басып қалған. Біз үй иесімен тілдесіп болғанша жігіттеріміз жұмысты бастап кетіпті.

Үй иесінің айтуы бойыншы бірінші мына жолға дейін із салып беру керек. Одан соң мына жақта тура мына есіктің алдын тазалауымыз керек болады. Көмір қоятын қораның есігін алдын біраз тазалап тастадық осы уақытқа дейін. Және де үйге кіретін есіктің алдын қардан аршып, тазалаймыз.

Әне-міне дегенше арнамыздың азаматтары ауланы аршып тастады. Қоймаға, қораға, әжетханаға, тіпті күн сайын балалар белуардан қар кешіп мектепке баратын жол да тазаланды.

Мінекей үй иесінің берген тапсырмасын біз толық аяқтадық. Жол да жасап алдық. Келесі үйге баруымыз керек. Біз бұл сауапты істі осы топ қана жасап жүрген жоқпыз. Біздің екінші топ қаланың ікінші шетінде жүр.

Қазір біз жалғызбасты зейнеткердің үйіндеміз. 82-ге келген қарияның ауласын міне қалың қар басып жатыр. Ақ ұлпа белуардан келеді. Қарға белшесінен батты деген осы шығар.

Батпағанда қайтсін?! Раида әжейдің қар күреуге қауқары да, қол ұшын созар қамқоры да жоқ. 15 жыл бұрын күйесі мен ұлынан айырылып, содан бері жалғыз тұрады.

Осылайша, микрофон орнына күрек ұстаған телеарна ұжымы ауланы тазартып, көмір қораға жол ашты. Ал жігіттердің ортасында тұрып, қамқорлықты сезінген қария балаша мәз. Қолын бұлғап, алғысын жаудыра берді.

Ал бұл Төлеутай апаның үйі. 70-ке келген зейнеткер ен үйде сіңлісі екеуі ғана тұрады. Қыс келсе қатты қиналатынын айтқан әжейдің ауласы да ақ ұлпаның құрсауында.

Қайырымдылық жасау үшін қыруар ақшаның болуы міндетті емес. Бастысы адамгершілікті биік ұстап, мұқтажға жан жылуын сыйлау. Бүгінгі шара осыны айқындап тұрғандай.

Қайырымдылық – жүректің нұры, көңілдің қуанышы. Қоғамды жақсылық пен мейірімділікке ұйытатын амал да осы мұқтажға көмек. Сондықтан Қазақстан ұлттық арнасының ұжымы құр науқан қуалап, челленджі өзгеге жолдаудан гөрі, игі іс істеу әркімнің күнделікті әдетіне айналса дейді.

Оңғар АЛПЫСБАЙ, Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу