«Niet» бағдарламасын енді журналист Әйгерім Сейфолла жүргізеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Niet» бағдарламасын енді журналист Әйгерім Сейфолла жүргізеді

29.01.2020
«Niet» бағдарламасын енді журналист Әйгерім Сейфолла жүргізеді

«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының «Niet» әлеуметтік жобасын енді белгілі журналист, танымал тележүргізуші Әйгерім Сейфолла жүргізеді. Бұған дейін бағдарлама тізгінін ұстаған, арна айнасына айналған Гүлназ Әлімгерей бүгін эфир тізгінін жаңа жүргізушіге табыстап, декреттік демалысқа шықты. Әйгерім Сейфолла көпшілікке сұхбат жанрындағы тележобалар арқылы танымал. 

Мұқтаж жандар мен қолы ашық қалың бұқараның арасында көпір болуды мақсат еткен «Niet» әлеуметтік бағдарламасы көрерменге өткен жылдың қыркүйек айында жол тартты. Бүгінге дейін түрлі тақырыптағы 90-ға жуық хабар эфирге шықты. 


Жұмыс күндері 12:00-ден бастап екі сағат бойы тікелей эфирде өтетін жобада көмекке зәру жандардың мәселесі көтеріледі. Бағдарлама ұжымы әр кейіпкерге психологиялық көмектен бастап, сан-салалы мәселелер бойынша нақты қолдаулар ұсынады. Осы уақытқа дейін арнайы құрылған сарапшылар пулы мен қолұшын созуға ниетті қазақстандықтар мыңдаған мұқтаж жанның мәселесінің оң шешім табуына ықпал етті. Оның ішінде, баспана, квота, бала асырап алу, азаматтық алу, қатерлі дертпен күрес, алимент өндіру сынды түрлі проблемалармен келген кейіпкерлердің мәселесі көтеріліп, тікелей эфирде шешімін тапты.  

Көмекке зәру жандардың өтініш-тілектері +7 776 535 0751, +7 701 555 0751 нөмірлері бойынша кез келген уақытта қабылданады. Хабар барысында сауал жолдап, пікір білдіру үшін 8 (717) 2 75 71 71, +7 701 5550751 (Whatsap) байланыс телефондары жұмыс істейді.

Хабарламаларға жазылу