Қазақстан қытайлық коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан қытайлық коронавирусқа қарсы қауіпсіздік шараларын бастады

23.01.2020

Қытайда тараған коронавирус инфекциясы Қазақстанда тіркелген жоқ. Қазір еліміздің құзырлы органдары жұқпалы індеттің ел ішіне тарап кетпеуі үшін санитарлық бақылауды күшейтті. Соңғы мәліметке сай, вирустың бес мемлекетте анықталғанын ескерсек, сол жақтан ұшып келетін жолаушылардың барлығы жіті медициналық тексеруден өтеді. Жалпы коронавирус қандай ауру, неден жұғады. Жұқпалы дертке шалдыққан жағдайда науқас қалай емделеді.

Жұқпалы дерттің белгілері тұмауға ұқсас. Бас ауырады, дене қызуы көтеріледі, әлсіреп, тыныс алу нашарлайды. Өтіп кеткен жағдайда пневмония мен бүйрек жетіспеушілігіне әкеп соғады. Мамандар бұл жаңа вирусты теңіз өнімдерін сататын базардан тараған деп болжап отыр.

Қазір сақтық шаралары күшейтілді. Нұр-Сұлтан, Алматы әуежайларында мамандар қауіпті аймақтан келгендерді тексеріп жатыр.

Тіпті тікелей әуе және темір жол қатынасы болмаса да Түркістан облысында 5 кеден бекетіне арнайы құрылғылар қойылған.

Алайда, коронавирус жаңа жұқпалы дерт болғандықтан оны емдейтін препараттар әлі жоқ. Сол себептен бастысы асқындырып алмау керек.

Тұмаудың белгілері анықталса, өз бетінше емделмей, бірден дәрігер көмегіне жүгінуіңіз керек. Мамандар қазақстандықтардың Қытай мен коронавирус тараған елдерге жоспарлаған сапарларын тоқтатуға кеңес береді.

Сәуле АЛДАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу