Барлық бағыттағы жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Барлық бағыттағы жолдар жабылды

23.01.2020

Еліміздің бірнеше облысында қолайсыз ауа-райы сақталуда. Ат құлағы көрінбес ақ түтек бораннан жолдар жабық. Кешеден бері қар құрсауында қалып қойғандар құтқарылуда. Кей өңірлерде сабақ доғарылды.

Ұйытқыған боранның кесірі. Ақмола облысының Степногорск қаласында құрылыс басында кран құлап, жұмысшы көз жұмды. Алдын-ала болжам бойынша, техника қатты желге шыдас бермеген.

Ал облыс жолдарында кешеден бері 86 адам құтқарылып, 65 көлік қар құрсауынан шығарылған. Жолда қалған 32 Тәжікстан азаматы қауіпсіз жерге жеткізілді. Қазір бірнеше бағыт бойынша жолдар жабық.

Қарағанды облысында да ахуал осындай. Соңғы бір тәулікте 47 адам құтқарылды. Барлығы дін аман. Қазір республикалық, облыстық маңыздағы жолдарда қар тазалау жұмыстарына 200-ден астам техника жұмылдырылған. Алайда толассыз жауған қар мен екпінді жел үлгертпей жатыр. Дала түгілі қала ішінде жүріп-тұру қиын.

Ал Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бір тәулікте 50-ден астам адам қар құрсауынан шығарылды. Оның 9-ы бала.

Қолайсыз ауа райының кесірінен Ақтөбе облысында да ондаған көлік жолда қалып, 172 адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Оның жиырма сегізі бала. Жағдай әсіресе, Мұғалжар, Қарғалы аудандарында қиындаған.

Синоптиктердің айтуынша, алдағы күндері де жел болып, боран сақталады. Сондай-ақ күн жылы. Оның салдарынан көктайғақ болуы әбден мүмкін. Сондықтан мамандар көлік жүргізушілерді ескертулерге құлақ асып, барынша абай болуға шақырады.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу