Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ-ға өтінім қабылдау электронды түрде жүзеге асырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтан қаласында ҰБТ-ға өтінім қабылдау электронды түрде жүзеге асырылды

17.01.2020

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысушылар онлайн тіркеуден өтті. Өтінім қабылдау электронды түрде жүзеге асырылды. Яғни сынақ тапсыруға ниеттілер қабылдау комиссиясына келмейді, құжат тапсырмайды. Оның барлығын смартфон арқылы орындауға болады. Ол үшін арнайы қосымша әзірленген. Пилоттық жоба әзірге Нұр-Сұлтан қаласын ғана қамтиды. 

Жеке куәлік, өтініш, 3x4 сурет және туу туралы куәлігімен тіркелетін оқушылар үшін өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасы. Тестке қатысу үшін осындай құжаттар керек. Бірақ оны үйден шықпай -ақ онлайн рәсімдеуге болады. Ұлттық тестілеу орталығы ҰБТ-ға қатысатындардан бірде-бір құжатты талап етпеу үшін пилоттық жоба әзірледі. Ол Digital ID қосымшасы арқылы онлайн түрде цифрлық сәйкестендіру арқылы жүзеге асырылады. 

 Биыл талап та жоғары. Бақылау күшті. Арнайы құрылған мониторингтік топтың тәуелсіз бақылаушылары сынақтың әділ өтуін қадағалауда. Былтыр тесттің алғашқы күнінде 5191 смартфон алынса, биыл бір күнде еліміз бойынша 150 оқушы телефонмен ұсталды. Ұлттық тестілеу орталығының мамандары бұл- қатаң бақылаудың нәтижесі екендігін айтады. 

Тестке қатысуға республика бойынша 95 мың оқушы өтінім берген. Тестілеудің алғашқы күнінде 10 мыңнан астам оқушы сынақ тапсырса, бүгін 25 мыңнан астам талапкер бақ сынады.

ҰБТ елімізде былтырдан бері жылына 4 рет өтеді. Ол қаңтар, маусым, наурыз және тамыз айларына жоспарланған. Алғашқы кезең қаңтардың 20-сына дейін жалғасады. Бірақ талапкерлер мемлекеттік білім беру грантына маусым айындағы нәтиже бойынша ғана қатыса алады. Ал қалғандары ақылы негізде оқуға ғана жарамды. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу