Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық университетінде «Абайтану» пәні енгізілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық университетінде «Абайтану» пәні енгізілді

14.01.2020

Алматыда жоғары оқу орындары Абайдың 175 жылдығына орай бірқатар бастаманы қолға алды. Мәселен, Қазақ ұлттық қыздар педогогикалық университетінде «Абайтану» пәні енгізіліп, студенттер ақынның өмірі және шығармашылығымен тереңірек танысуда. Бұған дейін бұл курсты тек болашақ тіл мамандары оқыған. Ал былтыр қыркүйек айынан бастап дәріс барлық факультетте өтіп жатыр.

Ғалымдар «Абайтану» курсының бағдарламасын әр мамандыққа сай дайындаған. Педагогтар музыка факультетінің студенттеріне Абайдың өнері, әндері мен күйлері жайында дәрістер өткізсе, математиктерге Абай өлеңдерін формулаға салу және геометриялық есептеулер арқылы түсіндіріп, талдайды.

«Абайтану» курсына арналған кітаптың авторы - филология ғылымдарының докторы Руда Зайкенова. Жастайынан Абайды зерттеп келе жатқан педагог салалық министрліктің ұсынысымен 9, 10, 11-ші сынып оқушылары мен оқытушыларға арналған Ұлы ақын туралы бірнеше оқулық жазған.

Университетте алдағы уақытта Абайдың 175 жылдығына орай «Өлең сөздің патшасы» атты республикалық ақындар айтысы өтеді. Оған барлық жоғары оқу орнының студенттері қатыса алады.

Бүгінде университет ғалымдары «Абай шығармаларындағы текстологиялық мәселелер» тақырыбындағы ғылыми зерттеу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар ақынның шығармаларындағы рухани құндылықтарды насихаттауға арналған тағылымды жиындар өтпекші.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу