Тергеу Шереметьево әуежайындағы «Аэрофлот» әуе компаниясына тиесілі Sukhoi Superjet ұшағының апатқа ұшырауына экипаж командирі Денис Евдокимов кінәлі деген ұйғарым жасады.
РФ Тергеу комитеті төрағасының орынбасары Игорь Краснов «Коммерсантъ» газетіне берген сұхбатында жердегі қызметке әрі қарай тергеу жүргізілмейтінін хабарлады.
«Бізде бұл қайғылы жағдайдың нақты себебі көрсетілген сарапшылар қорытындысы бар. Біз әуе компаниясы мен ұшқыштың дәлелін тексердік. Бұл апатқа ұшақ кінәлі емес, себебі тек SSJ-мен ғана емес, Boeing және Airbus-пен және басқа да ұшақтармен бұлай қонуға болмайды», - деді ол.
Краснов Евдокимовке әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзды деген айып тағылғанын ескертті. Қазір ол адвокатымен бірге іс материалдарымен танысып жатыр. Красновтың айтуынша, Евдокимовтың түрлі үлгідегі ұшақтарды басқаруда айтарлықтай тәжірибесі бар және арнайы дайындықтан өткен.
«Соған қарамастан, біздің қызметкерлеріміз анықтағандай, ол әуе кемесінің пайдалану шектеуінен асып кететіндей ауыр жүк тиеген», - деді ТК төрағасының орынбасары.
Ол жылдамдықтың жоғары болуынан және вертикальды салмақтың нормадан асып кетуі салдарынан жолаққа тым қатты қонған. SSJ ұшу-қону жолағынан шассидің негізгі тірегі сынғанға дейін үш рет секірген. Соның салдарынан ұшақтың жанармайы төгіліп, тұтанған.
Евдокимовтің адвокаты Наталья Митусова оның өз кінәсін мойындамайтынын мәлім етті. Оған ешқайда кетпеу туралы тілхат берілген.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 5 мамырында Шереметьево әуежайына қонған ұшақ өртеніп, бортындағы 78 адамның 41-і қаза тапқан еді.
inform.kz