Апатқа ұшыраған украиналық ұшақтың қара жәшіктері табылды

08.01.2020

Әлем авиакомпаниялары Иранның үстінен ұшақ ұшыруды тоқтатып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, Тегеран әуежайы маңында украиналық «Боинг» құлағанда 176 адам мерт болды. Олардың көбі – ирандықтар мен канадалықтар. Аспан машинасының екі «қара жәшігі» табылды. Киев болса, бұл апатқа пилоттардың қателігі себепші деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

 «Украина халықаралық әуе жолдары» компаниясының ұшағы бүгін таңертең Тегеранның Имам Хомейни әуежайынан көкке көтерілгеннен кейін көп кешікпей радар экранынан ғайып болды. Аздан соң оның Иран астанасы маңына құлағаны анықталды. Өртеніп кеткен «Боингтың» бөлшектенген корпусы егістік алқабынан табылды.

Борттағы 176 адамның барлығы қаза тапты. Олардың тоғызы – экипаж мүшелері, қалғандары – жолаушылар.

«Украина халықаралық әуе жолдары» компаниясының президенті Евгений Дихне апаттан қаза болған адамдардың туған-туыстарына қайғырып көңіл айтты.

Украина сыртқы істер министрлігінің дерегінше, ұшақ апатынан қаза тапқандардың 82-і – ирандықтар, 63-і - канадалықтар, 11-і - украиналықтар, 10-ы – швециялықтар. Сонымен қатар Ауғанстан, Ұлыбритания, Германия азаматтары да жан тәсілім етті.

Олардың көбі Тегераннан Киевке жетіп, әрі қарай транзитпен өзге елдерге жетпек болған.

Соңғы мәліметке қарағанда, қаңтардың 6-да ғана техникалық тексеруден өткен «Боингтың» екі «қара жәшігі» де табылды. Дегенмен, оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Иранның Жол және Тасымалдау министрлігінің мәлімдеуінше, ұшақтың бір моторы өртенгендіктен, пилот ұшақты басқара алмай, оны жерге құлатып алса керек. Украина жағы бұл болжамды жоққа шығарып отыр.

«Украина халықаралық әуе жолдары» компаниясының вице-президенті Игорь Сосновский ұшақ 2400 метрге дейін ғана көтерілді деген ақпаратты ескерсек, экипаждың қателесу мүмкіндігі шамалы екенін және олардың тәжірибесін ескерсек те, экипаж ағаттық жіберді дегенге сену қиын екенін жеткізді.   

Бұл ұшақ 2016 жылы шығарылып, украиналық компанияға зауыттан тікелей жеткізілген.

Бірқатар сарапшылар оған әуеде немесе жерде бірдеңе әсер етті деген пікірде. Өйткені, ұшақ тым көп бөлшекке бөлінген. Кейбір араб ақпарат құралдары болса, «Боингты» ирандық ракета абайсызда атып түсірді деп хабарлады. Бірақ бұл мәлімет те расталған жоқ.

Айта кетсек, осы трагедияның алдында Ислам Республикасы Иракта Американың екі әскери базасына ондаған зымыран жіберді. Ал әлемнің авиациялық компаниялары Таяу Шығыс елдерінің үстінен өтетін бағыттарын өзгертіп жатыр. Бүгін осындай шешімді Франция, Малайзия, Сингапур, Австралия және тағы басқа мемлекеттер қабылдады.

Арыстан РЫСБЕК


Хабарламаларға жазылу