Президент Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға қатысты жиын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдайға қатысты жиын өткізді

08.01.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парсы шығанағындағы ахуалға байланысты кеңес өткізді. Жиынға Президент Әкімшілігі басшылығы, Премьер-Министрдің орынбасары, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы, Сыртқы істер министрі, Қорғаныс министрі, Ішкі істер министрі және Қарулы Күштер Бас штабы бастығы қатысты. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен өзге де ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады. Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.

А.ӘШІМҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу