1 қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді

24.12.2019
1 қаңтардан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруханада, жартылай госпитальда, үйде күтім жасайтын әлеуметтік қызметкерлерге психоэмоционалдық және физикалық белсенділігі үшін қосымша ақы енгізіледі.

Бұл қосымша ақы арнайы қызметтерді тікелей ұсынатын жұмысшылардың еңбегінің күрделілігі мен жоғары қарқындылығына байланысты сараланады.

Атап айтқанда, стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (паллиативтік көмек бөлімшелерін (палаталарын) қоспағанда): басқару персоналына – лауазымдық жалақының (бұдан әрі - ЛЖ) 30%-ы көлемінде, негізгі персонал қызметкерлеріне (әлеуметтік қызметкерді қоспағанда) – ЛЖ-ның 35%-ы және әлеуметтік қызметкерлерге, санитарларға ЛЖ-ның 40%-ы көлемінде қосымша ақы беріледі.

Стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелердің паллиативтік көмек бөлімшелеріндегі барлық мамандықтағы тәрбиешіге, медбикелерге, санитарлардың айлығына ЛЖ-ның 60%-ы шамасында үстемеақы қосылады.

Үйде қызмет көрсететін қызметкерлерге: басқарушы персоналға – ЛЖ-дан 15%-ға; негізгі персонал қызметкерлеріне (әлеуметтік қызметкерді қоспағанда) – ЛЖ-дан 20%-ға, әлеуметтік қызметкерлерге – ЛЖ-дан 35%-ға; санитарларға – ЛЖ-дан 20%-ға дейін ақша қосылады.

Жоғарыда көрсетілген санаттағы қызметкерлердің жалақысын арттыру үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттен жыл сайын 8,4 млрд теңге бөлінеді.

Хабарламаларға жазылу