Сириядан келгендерге қатысты сот үкімі шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядан келгендерге қатысты сот үкімі шықты

11.12.2019

Сирияда соғысқа қатысқаны үшін айыпталған 14 адамға бүгін үкім шықты. Жат жерде лаңкестік әрекетке қатысып, терроризмді насихаттағаны үшін олар 8-ден 14 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кінәлі деп танылған олар «Жусан» операциясы арқылы елге жеткізілген еді.

Сириядан оралған қазақстандықтарға қатысты сот қауіпсіздік мақсатында түрмеде өтіп жатқаны белгілі. Үкім оқылатындықтан ба, бүгін бақылау тіптен күшейтілген. Мұздай қаруланған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы да осында жүр. Ал іште үкімнің оқылғанын күткен айыпталушылар болса, тым сабырлы. Жүздерінен қобалжу да байқалмады. Оларға лаңкестік әрекетке қатысу, ұйымдастыру және терроризмге шақыру баптары бойынша айып тағылған еді. Сөйтіп істі қараған судья Сириядан жеткізілгендерді кінәлі деп тапты.

Ең ауыр жаза алған 39 жастағы Нұрлан Қамалов. Қазақ жамағатына ықпалын жүргізген оның лақап аты «Әмір». ДАИШ-тегі террористермен бірге талай рет қарулы қақтығыстарға қатысқан.

Жалпы сот процесінің өзі бір жарым айға созылды. Осы уақыт ішінде Аббас, Абдулхафиз, Әбу Абдолла, Бабай, Салих Медик секілді лақап атқа ие айыпталушылардан жеке-жеке жауап алынып, олардың жалған жиһад жолындағы кінәсі дәлелденген. Олардың үлкені 50-де кішісі 25 жаста. Барлығы «Жусан» операциясының арқасында Сириядан елге қайтарылған еді.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу