Ал Сочиде Беларусь пен Ресей басшылары кездескен. Соңынан екеуі де журналистерге шықпады. Лукашенко ешнәрсе түсіндірмей кетіп қалды, деп жазды Би Би Си –ң орыс қызметі. Ал талқыланған мәселе – әрине, мұнай бағасы.
Айтпақшы, Сочиде өткен кездесудің басында жарық сөніп қалған. «Аяқталды», депті Путин. «Бұл Дима Песков» деп қалжыңдаған Лукашенко, Ресей президентінің баспасөз хатшысын еске алып.
Беларусь президенті мұнан соң әзілдемеген сияқты. Ол Ресейдің мұнайын арзанға алғысы келеді. Дәлірегі – арзан мұнай бер деп емес, басқаша айта бастады. Егер біздің кәсіпорындар 200 доллардан алса, Ресейдің бәсеке кәсіпорындары да сонша бағаға алсын, дейді Лукашенко. Әйтпесе қандай қарым-қатынас туралы айтамыз? – деп ашуланады.
Бұл фонда саяси интеграция туралы айтылды ма, белгісіз. Айтпақшы Минскіде Ресейге қосылуға қарсы митинг өтті. Сонымен Лукашенко: Мәскеу жыл сайын жаңа шарт қояды, экономикада шығын артып барады. Жоғалтып жатырмыз, жоғалтып жатырмыз, кешіріңіз, ондай одақтың қажеті не, деп шағымданады.
Бұл кездесуге не үшін тоқталып отырмыз? Бұған дейін Беларусь республикасының мұнайды Ресейден кеден салықтарынсыз алып келгенін, сөйтіп өздерінде өңдеп, пайда тапқандарына тоқталдық. Бірақ Ресей сол пайдадан үлес алғысы келді. Ал Беларусь «Неге, өнімді өзіміз өңдеп отырмыз, әрі-беріден соң біздің одақтастығымыз қайда?» – деп, көнгісі келмеді. Мұнан соң Ресей өз ішінде пайдалы қазбалар өндіруге салық енгізді де, мұнайы қымбаттап кетті. Беларусь балама жолдар іздей бастады. Мысалы, Қазақстан мұнайын неге өңдемеске?.. Бірақ мұндай вариант Беларусьқа мұнай беріп келген елдің қытығына тиеді.