2020 жылдан бастап әрбір аудан мен ауылдардың дербес бюджеті болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылдан бастап әрбір аудан мен ауылдардың дербес бюджеті болады

06.12.2019

Келесі жылдан бастап әрбір ауылдық округтің өзінің дербес бюджеті болады. Ақшаны қайда, қалай жұмсау керегін қоғамдық келісіммен келісе отырып өздері анықтайды. Бұған республикалық қазынадан 2 триллион теңгеден астам субвенция берілетін болды. Бұл туралы Сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференция барысында белгілі болды.

Бүгінгі конференцияға жиналғандардың барлығын халық өзі таңдап алған. Олар — бұқара мен билікті байланыстыратын депутаттар. Осыдан тура 25 жыл бұрын елімізде алғаш мәслихат депутаттарының сайлауы өткен еді. Содан бері атқарылған іс ауқымды. Дегенмен, түйіні шешілмеген мәселе де жетеді.

Қаржыны қолдарына алғанмен босаңсуға жол жоқ. Жергілікті бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын мәслихат тікелей бақылауында ұстау керектігін Сенат төрағасы тағы еске салды.

Ал республикалық деңгейде шешім қабылдар сәтте мәслихат депутаттарының пікірлеріне көбірек назар аударылуы тиіс. Өйткені олар халыққа жақын, елге не керек екенін жақсы біледі. Сенат төрағасы осыны ескеру қажеттігін ерекше ескертті.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу