Қазақстан Орталық Азияға тартылатын шетелдік инвестициялар көлемі бойынша көш басында тұр. Тәуелсіздік жылдары ел экономикасына құйылған 320 миллиард доллар осы сөзге дәлел. Өткен жылы шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24,3 миллиард долларды құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өсті. Kazakh Invest компаниясының өкілдері мұны ұжымдық жұмыстың нәтижесі екенін айтады.
Елімізге инвестиция тарту үшін жасалып жатқан жағдай күннен күнге жақсарып келеді. Заңнама жетілдіріліп, салық жүйесі, кедендік бақылау мен визалық режимі жеңілдетілген. Үкімет алдағы жылдары жалпы ішкі өнімнің 30 пайызын шеттен келетін инвестиция құрауы тиіс деген міндет қойған. Kazakh Invest компаниясы алдағы уақытта елге шеттен келетін инвестиция көлемін екі есеге арттыру арқылы осы міндетті іске асырмақ.
2017 жылы құрылған компания шеттен келген инвестордың қолдаушысы әрі қорғаушысы функциясын атқарады. Бүгінгі таңда компания Сыртқы істер министрлігінің құрамында қызмет атқаруда. Алпауыт мемлекеттерде өкілдіктері ашылған.
Қазір Kazakh Invest ақпараттық бақылау жүйесінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 54,3 миллиард АҚШ доллары болатын 228 жоба бар. Оның ішінде 46 миллиард АҚШ доллары сомасына 168 жоба жоғары деңгейде пысықталып жатыр.
Ғабит БӨКЕНБАЙ