ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев ҚР Қаржы министрлігінің тұрғындардың қолма-қол ақшасыз төлемдерін тексеруге қатысты ұсынысына түсінік берді.
«Қаржы министрлігі Kaspi bank арқылы жасалатын ақша аударымдарына салық салмайды, тек осы төлемдерден салықтың төленіп-төленбегенін тексермекші. Бұл мәселеге қатысты шараларды Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі бірлесіп атқарып жатыр. Қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің артуы бюджет кірісінің өсуімен қатар жүруі керек. Бұл қалыпты нәрсе, себебі ақша көлеңкелі экономикадан шығады. Жалпы, бұл тұрғыда Қаржы министрлігі тиісті ұсынысты жасады, сәйкесінше, бұл тақырыпты қазір талқылап жатырмыз», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігі салықтан жалтарған кәсіпкерлерді анықтау үшін ақшалай аударымдардың тексерілетінін мәлімдеген еді.
inform.kz