Көкшетауда балалар вирустық инфекция жұқтырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда балалар вирустық инфекция жұқтырған

12.11.2019

Көкшетауда денсаулығына шағымданып, сабаққа келмей қалған оқушылардың неден ауырғаны анықталды. Балалар вирустық инфекция жұқтырған. Естеріңізге сала кетейік, 7-8 қараша күндері Көкшетаудағы №2 мектеп-лицейдің 82 оқушысы сабаққа келмеді. Олар өздерін жайсыз сезініп, бастары ауырып, жүректері айнығанын айтып шағымданған.

Оқушылардың 11-і денсаулық сақтау мекемелеріне жүгінген. Олардың 3-еуі қазір облыстық балалар жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем-дом қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.

«Мектепте оқу барысы үзілген жоқ. Бүгінде оқушылардың көбі сабаққа қатысып жүр. Білім ордасында сақтық шаралары жан-жақты қабылданды», - дейді мамандар.

Аурудың себебін анықтау үшін мектеп толық тексерілген. Судан, асханада сынамалар алынды. Мамандар ауырған балалардың үйлерін де аралапты.

Аурудың себебі тамақтан болмаса да, тексеріс барысында асханада кейбір заңбұзушылықтар әшкере болды. Сондықтан қазір тамақтану орны уақытша жабық тұр.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу