Көрікті әйел, бекзат болмыс, тамаша талант. Актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден озды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көрікті әйел, бекзат болмыс, тамаша талант. Актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден озды

10.11.2019

Театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі, көрікті тұлғасы, «сұлулық символы» атанған айтулы актриса Раиса Мұхамедиярова өмірден озды. Оны алғаш «Қазақфильмге» атақты Шәкен Айманов алып келген. Өнер жолы да Айманов, Абдолла Қарсақбаев тұсындағы қазақ киносының «алтын кезеңіне» тап келді. «Менің атым Қожада» актрисаның Майқанова рөлін шынайы ойнағаны сонша, көрермен мұғалиманы сол Мұхамедиярованың өзі сияқты қабылдады.

Жалпы, Раиса Мұхамедиярова десе көз алдыңда көрікті әйел, бекзат болмыс, тамаша талант тұрады. Бірнеше фильмге түсті, театрда қазақ әйелінің қайталанбас бейнесін сомдады. Тоқсаныншы жылдардың ортасына дейін есімі дүркіреп тұрды... Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов жазған «Ұлпанды» театрда сомдады. «Ұлпан» секілді шың шығарманың жазылуына себепкер болған осы аяулы актриса екенін біреу білер, біреу білмес. «Театр - хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер», депті Ғабит Мүсірепов. Театр тағы бір хас сұлуынан айырылды. Раиса Мұхамедиярова Ғабеңнің музасы болды, ұлы жазушының ұрпағын жалғады. Ақтық сапарға да сол Ғабең атын иеленген театрдан аттанды.


Хабарламаларға жазылу