Жеке куәлікті мобильді қосымшаға енгізу арқылы пайдалануға болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жеке куәлікті мобильді қосымшаға енгізу арқылы пайдалануға болады

07.11.2019

Енді жеке куәлікті мобилді қосымшаға енгізу арқылы пайдалануға болады. Ол үшін смартфонға «egov Mobile» қосымшасын жүктеуіңіз қажет. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы осындай тиімді жүйе ойлап тапты.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бұған дейін жеке куәліксіз жұмысымыз өнбейтін еді. Енді қолыңызда, құжат емес, смартфоныңыз болса жеткілікті. Ол үшін қандай қосымшаны жүктеуге болады. Мүмкндіктері қандай? Мамандардан сұрап білейік. Сәуле Сәлеметсіз бе?!

Сәуле Ермекқызы, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ департамент директоры:

«egov Mobileға» кіру үшін екі тәсіл бар. Бір реттік парольде ЖСН және нөмір жүктейсіз. Сол кезде сізге құпия сан келеді. Сол құпия сан енгізіп кіруге болады. Екінші тәсілі эцқ.

Яғни смартфондағы App store немесе Android арқылы «egov Mobile» қосымшасын жүктеу қажет. Бұдан әрі құпия сан енгізу арқылы немесе эцқ-нің көмегімен төлқұжатыңыз телефонға енгізіледі. Жеке куәлік тіркелген соң, отбасыңызға қатысты неке куәлік пен балалардың құжаты да осы қосымшада автоматты түрде көрсетіледі. Бүгінде жаңа жүйені пайдаланушылардың саны 60 мыңға жеткен. Солардың бірі – елорда тұрғыны Меруерт Қабдушева.

Меруерт Қабдушева, қала тұрғыны:

Бүгін өзіме қажет болған кезде қандай маңызды екенін түсіндім. Баламды ауруханаға шұғыл түрде апарған кезде құжатымды ұмытып кетіппін. Тез арада қосымша арқылы құжатты көрсетіп, баламды уақтылы көрсетіп алдым.

Жобаны тиімді қолдану үшін телефонда интернеттің болуы шарт. Қосымша Еуропа елдерімен қатар, Эстония, Индия елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Болашақта цифрлық жүйеге жүргізу куәлігі мен паспорт та енгізілуі әбден мүмкін. Ал қауіпсіздігі жайлы мамандар былай дейді...

Ахан Сарманов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Қосымша Face ID, Touch ID немесе пинкод арқылы ғана ашылады. Яғни, смартфон бетіңізді түсіру арқылы немесе саусақ ізі арқылы болғандықтан айлакерлдердің жеке куәлікті пайдалануы мүмкін емес. Қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған.

Құжаттар өзге мекемелерге қажет жағдайда QR-код көмегімен электронды нұсқасын көрсетесіз. Дегенмен ұйымдардың барлығы бірдей электронды құжатты қабылдауға міндетті емес екендігін ескерген жөн. Қосымша ақпаратты egov.kz сайтынан немесе 1414 нөмірі арқылы білуге болады.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу