Көкшетау техникалық институтының курсанттары төтенше жағдайдан қорғайтын мобильді қосымша ойлап тапты

08.02.2019

Көкшетау техникалық институтының курсанттары төтенше жағдайда тұрғындарды қауіпсіз аумаққа алып шығуға көмектесетін мобильді қосымша ойлап тапты. Тың тәсіл ғимарат ішінде апатты жағдай бола қалса, адамдарды құтқаруға таптырмас құрал. Жаңа қосымша смартфон қолданушысының орнын лезде анықтап, ғимараттан жылдам шығатын жолды көрсетеді. Сондай-ақ, өзге де қауіпті жерлерде болсаңыз немесе жолда қалсаңыз көмек шақыруға болады.

Мобильді қосымша әзірлеу - Көкшетау техникалық институтының курсанты Әділет Серіктің идеясы. Бұл бастаманы жүзеге асыруға өзге курсанттар да атсалысқан. Қосымшаның негізгі қызметі қолданушыға қауіпсіз жерге жетудің ең тиімді жолын көрсету. Онда үш тілде ақпарат бар. 

Әділет Серік, Көкшетау техникалық институтының курсанты:

- «In help» мобильді қосымшасы онлайн және офлайн режимде жұмыс атқарады. Қосымшаны «Гугл плей», «Плей маркет» сияқты қосымшалары арқылы смартфонға тегін жүктеп алуға болады. Қосымша арқылы қазіргі кезде 17 қалада орналасқан барлық қоғамдық ғимараттарда қолдануға болады. 

Әзірге қосымшаға Көкшетау қаласындағы ірі сауда орындары енгізілген. Жастар тың туындыларын халық арасында өздері насихаттап жүр. Жаңа қосымшаны телефонына қуана жүктеп алғандардың бірі - Әлия Сыздықова.

Әлия Сыздықова, қала тұрғыны:

- Төтенше жағдай болған уақытта тіпті адам асып-сасып қалады. Қай есіктен кіріп, қай жерден шыққанымызды білмей қаламыз. Оңды-солды ұмытып қаламыз. Өрт жағдайлары болғанда елдің бәрі абдырайды. Сондай кезде сабырлы болып, мобильді қосымша арқылы өзімізге және қасыңдағыларға көмектесуге әбден мүмкін. 

Қазір мобильді қосымшаны толықтырып жатыр. Жаңа мәліметтер енгізілуде. Көкшетаудағы ең ірі сауда-ойын сауық орталығында бірнеше рет сынақтан да өтті. 

Көкшетау техникалық институты әскери тәртіппен білім беретін оқу орны. Алайда, бұл жастардың ғылыммен айналысуына кедергі емес.   

Мүслім Еркінжанов, Көкшетау техникалық институтының курсанты:

- Біздің ғылыми жұмыстың мақсаты - қалдықтарды қайта өңдеу. Төтенше жағдайлар қызметінде қолдану уақыты аяқталған заттар болады. Алайда, олардың материалдары сапалы болғандықтан, шаруаға жаратуға болады. Оны түрлі тұрмыстық қажеттілікке пайдаланамыз. Лақтырып тастағанша, осы дұрыс деп ойлаймыз. 

Осылайша, курсанттар ғылыми ізденістерін жалғастыра бермек. Қазір мобильдік қосымшаға өзге қалалардағы ғимараттарды енгізу қарастырылып жатыр. Жастар тағы бірнеше тың жобаны жүзеге асыруға ниетті.   

Ермек ЕЛБЕРГЕН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу