Сириядан қайтарылғандар кінәларын мойындаудан бас тартуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядан қайтарылғандар кінәларын мойындаудан бас тартуда

07.11.2019

Сирияда соғысқа қатысқаны үшін сот алдында жауап беріп жатқандар сөздерінен айнып, кінәларын мойындаудан бас тартып жатыр. Тіпті, олардың бірі бүгін ес-ақылынан алжасқанын айтып, іс-әрекетіне жауап бере алмайтынын жеткізді. Жалпы сот алдында «Жусан» операциясы арқылы елге оралған 14 адам жауап беруде. Оларға шетелдегі лаңкестік әрекетке қатысу, ұйымдастыру және терроризмге шақыру баптары бойынша айып тағылған.

Досжан Маратұлы, тілші:

Сириядан қайтарылған қазақстандықтарға қатысты сот процесінің басталғанына екі аптадан асты. Осы уақыт ішінде 14 айыпталушыдан жеке-жеке жауап алынуда. Жат ағымның жетегінде кеткендердің әрқайсысы Шам еліне қалай жеткендерін және кімдерге қарсы соғысқанын тәптіштеп айтып жатыр.

Солардың бірі – жерлестерімізге ғана емес, өзге де жамағатқа ықпалын жүргізген 39 жастағы Нұрлан Қамалов. Лақап аты – Әмір. Сирияға Дубай арқылы 2013 жылы аттанған. «Халифат құрып, шариғатпен өмір сүреміз» деген ол, талай рет Башар Асадтың режимі мен америкалықтарға қарсы қарулы қақтығыстарға қатысқан.

Нұрлан Қамалов, айыпталушы:

Жаяу жүріп бардық бір екі-үш шақырым жер. Жақындаған кезде қақпанға түстік. Жан-жақтан атқылай бастады. Танкімен ауыр қарумен. Сөйтіп артқа қарай шегіндік.

Талай соғыстан аман қалған «әмірді» кейін бұл өмір қатты қажытыпты. Қателік жасағанын түсінген. Өкінген. Бірақ бәрі кеш. Сондықтан қаруды тастап, тылда қызмет етіпті. Шаһид болған лаңкестердің бала-шағасына қамқор болып, жараланғандарды емдеп, ұрыс даласына азық-түлік тасыған. Тіпті, талай рет елге қайтпақ болғанымен, ДАИШ басшылары төлқұжатын тартып алған.

Нұрлан Қамалов, айыпталушы:

Жалпы барлық ИГИЛ-дің құрамындағылардың паспортын жинаған кезде, талап қойған. Бәріне айтқан әйелдерге де бәріне. Паспорттарыңды беріңдер жинаңдар семияларыңмен деп. Әмірлер сұрап жатыр деп.

Өзге елде лаңкестік әрекетке қатысып, терроризмді насихаттағаны үшін айыпталып жатқан 14-тің кішісі — 25, үлкені 50-де. Басым бөлігі кінәларын мойындағанымен, кейбірі әу баста айтқандарынан айнып, айыпсызбыз деп жатыр. Тіпті, психикалық ауытқушылығының барын айтқан Абзал Амангелді сот залынан босатуды сұрады. Бірақ прокурорлар мұны жазадан қашудың амалы деп отыр. Өйткені сараптама аурудың барын анықтамаған.

Амангелді созылмалы психикалық аурумен кемақылдықпен, психиканың өзге де дерттерімен ауырмайды және ауырған емес.

Сондықтан прокурорлар әрқайсысы өзіне сай жазасын алсын деп отыр. Жалпы, сот процесінің әлі біразға созылатын түрі бар. Өйткені, Аббас, Абдулхафиз, Әбу Абдолла, Бабай, Салих Медик секілді лақап атқа ие айыпталушылардан жауап алып, әрқайсының жалған жиһад жолындағы рөлін анықтау керек. Жалпы бұлардың барлығы осымен үш рет жүргізілген «Жусан» операциясының негізінде елге қайтарлылғаны белгілі.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу