Алматы облысының Лепсі ауылындағы аурухана жабылғалы жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Лепсі ауылындағы аурухана жабылғалы жатыр

07.11.2019

Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында аурухана жабылуы мүмкін. Емдеу-мекемесі жұмысын тоқтатса, тұрғындар 220 шақырым жердегі аудан орталығына немесе 180 шақырым жердегі Талдықорғанға сабылмақ. Кезінде ауыл халқын жұмыспен қамтыған кәсіпорындардың да мұнда қазір бірі жоқ. Жағдай бұлай кете берсе, елді мекендегі жалғыз мектеп те жабылып қала ма деп алаңдайды жұрт. Шалғайдағы ауылдың жай-күйін тілшіміз Қуаныш Қанатұлы біліп қайтты. 

Бөрлітөбе ауданы осыдан 22 жыл бұрын қысқарып, Сарқан ауданымен біріктірілді. Содан бері Лепсі халқының еңсесі түсіп, берекесі қашты. Жыл сайын бір мекеме жабылып, тұрғындардың біраз бөлігі жақсы өмір іздеп қалаға көшті. Ал ауылда қалған жұрт енді ауруханамыз жабылғалы жатыр деп дабыл қағуда. 

Жайдар Қалыбаева, ауыл тұрғыны:

Баталовқа елдің бәрі жазылып, кіріп жатыр екен ғой. Мен де жазылып кірем де, жағдайымды айтамын. Аурухананы қалдырсын. 

Аудандағылар аурухана жабылмайды, бірақ ауылдық амбулатория деңгейіне қысқаруы мүмкін деген мәселе көтерген. Себебі аурухана талап бойынша 10 мың тұрғыны бар елді мекендерде жұмыс істеу керек. 

Жанар Мусина, ауылдық аурухана меңгерушісі:

Халық санының аздығына байланысты реорганизация болып жатыр. 236 бұйрық бойынша.

Әзірге емдеу мекемесі қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыруда. Лепсідегі екінші өзекті мәселе - банкомат. Жергілікті полицияның кезекші бөлімі қысқарғандықтан, банкомат та жұмысын тоқтатты. Себебі банкомат полиция ғимаратына жапсарлас орнатылған. 

Әнияш Иманбаева, ауыл тұрғыны:

Талдықорғанға такси жүргізушілер арқылы мына банк картасын беріп жіберіп, жалақымызды алып отырамыз. Таңартең беріп, түстен кейін осылар аман-есен ақшамызды әкеліп берсе екен деп. Оның бәріне ақша пұлын төлейміз. 

Қазіргі таңда аудан әкімшілігі банк басшыларымен келіссөз жүргізіп, мәселені оңтайлы шешу жолдарын қарастыруда. 

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жуырда ауыл түлектері мен тұрғындары бірігіп, осындай заманауи спорт алаңын салып алды. Өзіміз өркениетке ұмтылып жатқан кезде бізді билік бетімізден қақпасын деген тілегі бар. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу