Талдықорғанда спорттық-оңалту орталығы Жапон елшілігінің арнайы грантын жеңіп алып, қондырғыларын жаңартты. Арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта қатарға қосу мақсатында ашылған орталық көмегіне 500-ден астам адам жүгінген. 80 адам аяғына тұрып, қайта жүру мүмкіндігіне ие болды. Күншығыс елінің «Шөп тамыры» атты жобасымен 82 мың АҚШ долларына түрлі бағыттағы жаттығу жабдықтары алынды.
Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі қалаға арнайы келіп, жобаның нәтижелерімен танысты. Жапон елі әртүрлі бағытта 100-ден аса жобасын Қазақстанда жүзеге асырды. Екі ел арасындағы әлеуметтік саладағы ынтымақтастық алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
Тацухико Касаи, Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Менің ойымша, бұл өте жақсы бағдарлама. Науқастар сауығып, аяғына тұрып кетіп жатыр. Мұндай жандар Қазақстанда да, біздің елде де бар. Сондықтан оларды оңалтып, қатарымызға қосу - біздің ортақ міндет. Біз алдағы уақытта да байланысымызды үзбей, бірге жұмыс істей береміз деген сенімдемін.
Қуаныш Қанатұлы