Газ тартылғаннан кейін елордада жылу қымбаттайды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ермек Қизатов мәлімдеді.
«Жылу тарифі айтарлықтай шарықтап кетпейді. Шаршы метріне алғанда аз ғана қымбаттайды», - деді ол.
Ермек Қизатовтың айтуынша, газбен қамту жобасын іске қосу кезең-кезеңімен іске асады.
«Біз көмірден бірден бас тартпаймыз. Мұның бәрі шамамен бес жыл ішінде жүзеге асады. Сол себепті жылу бағасы бірден қымбаттап кетпейді. Әкімдіктің мақсаты - газ қолдану үшін барлық жағдайды жасау. Елордада газдың бағасы көмірден арзан болмайды. Оған екі себеп бар, оның бірі - жол шығыны. Көмір Павлодар, Қарағанды сияқты көрші облыстардан алынса, газ кемінде мың шақырымдық жерден тартылады. Газ тасымалдау - айтарлықтай шығыны мол жұмыс. Екінші себеп - қазып алатын көмір мен құбыр арқылы келетін газдың айтарлықтай айырмашылығы бар, сол себепті газ бірнеше есе қымбат болады. Дегенмен, газ тартудың артықшылығы көп», - деді қала әкімінің орынбасары.
inform.kz