Оралда әлі салынбаған көпірге қатысты дау туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда әлі салынбаған көпірге қатысты дау туды

04.11.2019

Оралда әлі салынбаған көпірге қатысты дау туды. Жоба бойынша Шаған өзені арқылы жаңа ауданға өткел салынса, саябақтағы 1500 терек түгелдей оталады. Бұған тұрғындардың көбі қарсы. Алайда көпір салынбаса, Шағанның арғы бетіндегі 120 мың халықтың жол мен қатынас мәселесі шешілмейді. Қазірдің өзінде қалаға жету мұң. Жергілікті билік жаңа жоба ұсынды. Тұрғындар талабын тілшіміз тыңдап келді.

Оралдағы орталық саябақтың салынғанына 150 жылдан асты. Ел-жұрттың ең сүйікті демалыс орны. Тұрғындардың бір бөлігі осы аумаққа көпір салуға қарсы.

Болат Журмұхамбетов, қала тұрғыны:

Саябақ маңында ешқандай тасжол болмауы керек. Көпір де керек емес! Ертең автобус жүреді, көк түтін болады. 1500 ағаш оталмауы керек! Бұл біздің өкпеміз. «Жасыл қала» деген атымызды сақтап қалуымыз керек.

Қаланың оңтүстік-батысында құрылысы басталған «Ақжайық» шағынауданын орталықпен жалғау үшін 4 шақырымдық жол мен көпір салу қажет. Алайда қоғамдық тыңдау айқай-шумен өтті. Тіпті жаңа аудан керек емес дегендер де болды.

Мирас Мүлкәй, Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

«Ақжайық» ауданы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кетті. Магистральді-инженерлік желіге республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді.

Бұл түн қатып жүріп үн қатқан «Балауса» ауданының тұрғындары. Жұмыстан келіп, жиналған беті осы. Қоғамдық көлік, жол мәселесі әбден жанға батқан.

Ақсамал Болатова, қала тұрғыны:

7 мен 6-шы «маршрутка» тек. Лық толы халық деген. Көлік қатынасы қиын. Әсіресе балшық күндері. 6 «маршрутка» «газель». Таңғы 6:45-те шығамыз жұмысқа. Онда да кісі толық боады.

Нұрлыгүл Жұбатова, қала тұрғыны:

Жол керек. Айналаның бәрі балшық. Резеңкі етік пен «галошты» осы айдан бастап маусымға дейін киеміз. Көпір де керек. Ол екі ортадағы қашықтықты қысқартады. Әрі халықтың уақытын үнемдейміз.

Қазір Зачаган кентінде 50 мың адам тұрады. Оған болашақ жаңа ауданның 70 мың тұрғыны қосылса, көлік қатынасы қиындайды. Ал көпір салынса, халық орталыққа қазіргідей 1 сағат емес, 15 минутта жете алады.

Айдар Менеев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Қазір жаңа сызба дайындалып жатыр. Сыдықов көшесімен шығатын болсақ, онда үйлерді бұзбаймыз. Бастапқы жобада 1500 терек оталу керек болса, қазір 700-800-ге дейін түсіп тұр төмендеп. Бірақ жобада орнына 5 есе ағаш отырғызу қаралған.

Әзірге жоба бекітілген жоқ. Қарашада тағы да қоғамдық тыңдау болады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Таразының бір басында — 700 теректің оталуы, яғни экология мәселесі. Екіншісінде — 120 мың халықтың жол, қатынас түйіткілі. Жергілікті билік 700 ағаштың орнына 3500-ін отырғызамыз деп уәде берді. Ал Шағанның арғы бетіндегі тұрғындар мәселесін шешудің көпірден басқа жолы жоқ. Қайткен күнде де, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» ұтқыр шешім керек.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу