Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасының алдында болған төбелес кезінде кісі өлтірген қылмыскерге қатысты бүгін сот үкімі шықты. Ол 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Енді жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады.
Сондай-ақ жанжалға қатысқан алты адам 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы 6 адамға бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, сот залынан босатылды. Ал қалған екі адам жәбірленуші тараппен татуласқандықтан, мүлдем қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.
Естеріңізге сала кетейік, жаңа жыл түні аталған мейрамхана алдында жаппай төбелес болып, 23 жастағы жергілікті тұрғын көз жұмған болатын. Қылмыскер санына пышақ салып, көп қан жоғалтқан. Төбелестен сол түні тағы 4 адам түрлі жарақатпен ауруханаға түседі. Кейін жанжалға себепкер болған 13 адам қамауға алынған еді.
Шәріп Сейсембаев, мамандандырылған тергеу сотының судьясы:
Пышақ жарақатын алған 23 жастағы Рақымжан Жансейіт көп қан жоғалтып, көз жұмды. Жанжал болған жерден шамамен 10 қадам жасап, жан тәсілім еткен. Жаппай төбелеске барлығы 32 адам қатысқан. Соның 13-і жауапқа тартылды. Олардың кінәлары бейнематериалдармен, куәгерлермен толық дәлелденіп отыр.
Руслан Нұрланұлы