Таразда алғаш рет жұлынға күрделі операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда алғаш рет жұлынға күрделі операция жасалды

04.11.2019

Таразда алғаш рет церебралды сал ауруына шалдыққан баланың жұлынына күрделі операция жасалды. Медицина тілінде бұл «селективті дорзальді ризотомия» деп аталады. Осы кезге дейін мұндай дертке ұшыраған науқастар шетелге немесе елорда мен Алматыға баратын. Енді дәл осындай емді жамбылдық дәрігерлер де көрсете алады. 

Айсара Жаңабаева - операция үстелінде жатқан Айсұлтан Тұрсынәлінің анасы. 7 жастағы бала сал ауруына нәресте кезінде шалдыққан. Туған туыстары баланың бұл кеселге шалдыққанын 7-8 айлық кезінде байқаған.

Айсара Жаңабаева, Айсұлтанның анасы:

Бала 7 айында дүниеге келді. Туғаннан ауырады.

Таразда алғаш жасалған операцияға ресейлік және алматылық мамандар шақырылған. 8 сағатқа дейін созылған операция сәтті өтті. Әрі жершілікті дәрігерлер үшін тәжірибелік сабақ болды. 

Саят Жұмабаев, облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

Бір-екі көргеннен үйренетін бұл отаның түрі емес. Бұған өте көп жаттығу керек. Сол себептен біз алдында мастер-кластарға барып келіп, енді қазір өзіміз жасап жатырмыз. Енді алдағы уақытта келесі отаны өзіміз жасамақпыз.

«Селективті дорзальді ризотомия» операциясы баланың жұлынына жасалады. Яғни, қол-аяғы тартылып, тырысып қалған науқастардың жүйке талшықтары кесіледі. Бұл бұлшықеттерді босаңсытып, еркін қозғалуға мүмкіндік береді. 

Азат Сәтжанов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

Жұлын ашылады. Содан жұлынан нервтар өтеді. Сол нервтардың әрқайсысын нейромониторинг көмегімен тітіркендіріп, қай бұлшықеттерге қандай импульстар артығымен келіп жатқанын тіркейді, артықтарын ғана шегеретін болады. 

Науқасқа операция еш қауіпсіз болуы үшін нейромониторингтік аппарат қажет. Мұндай медициналық қондырғы биыл ғана сатып алынды. Қазір мамандар біліктілікті арттырып, жаңа құралды игеру үшін тәжірибе жинақтауға күш салып жатыр. Жалпы Жамбыл облысында церебралды сал ауруына душар болған 3 мыңнан астам бала тіркелген. Оның 8 пайызы осындай операцияға мұқтаж.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу