Қазақстандағы интернеті нашар ауылдың мұғалімдері мен ата-аналары шағымдарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы интернеті нашар ауылдың мұғалімдері мен ата-аналары шағымдарын айтты

01.11.2019

Электронды күнделік теріскейліктердің көңілінен шықпады. Керісінше, интернеті баяу ауылдағы мұғалімдердің көңілін күпті етті. Тіпті қаладағылардың өзі тұрақсыз байланыс пен бағдарламаның шалағайлығын айтып, балалардың оқуға деген көзқарасына алаңдайды. Мәселенің мән-жайына тілшіміз үңіліп көрді.

Татьяна Деринг Березовка ауылының тұрғыны. Қаланың іргесінде болса да интернет әлсіз. Хат-хабарлама оқып, күнделікті қарау үшін үйдің шатырына шығып кетеді. Оның өзінде байланыс болса игі.

Татьяна Деринг, ауыл тұрғыны:

Ұялы байланыс жоқ, интернет жоқ. Ол болмағасын, дәрігер шақыра алмайсың, күнделікке кіре алмайсың. Талай айттық бұл мәселені, назар аударған ешкім жоқ.

Ал Айгерім Қанапинова Петропавл қаласында тұрады. Баласы 6-ншы сыныпта оқиды. «Электронды күнделік енгізілгелі, ұлымның сабақ оқуға құлқы жоқ»- дейді.

Айгерім Қанапинова, ата-ана:

Студенттер сияқты боп кетті балалар. Өйткені олар тоқсанның аяғында ТЖБ мен БЖБ жазады. Бір-екі апта алдында соған дайындалып жүреді. Күнделікті қадағалау, бақылау деген қазір жоқ. Электронды күнделіктің бүгін қажеті жоқ. Мәні де жоқ. Оның көп олқылықтары бар деп санаймын.

Бұл жүйеде олқылықтар бар екенін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері де түсініп отыр. Десе де басталған істі ары қарай жалғастырып, жетілдіру керек.

Шолпан Қаринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

«Қай пәннен оқушыларымыз жетістіктерге жетті» деген сұраққа жауап беру үшін бұл өте талдауды жақсы көретін қажетті дүние. Сондықтан күнделік жүйесін біз ары қарай дамытуға тиіспіз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жұмысты ары қарай жалғастырамыз. Мұғалімдер, ата-аналар үшін және бұл мектеп үшін түсінетін жағдай. Интернет болмаса, электронды жүйе де бола алмайды. Сондықтан жергілікті әкімдіктермен бірге интенетті дамыту жұмыстарын жүргізетін боламыз.

3 жылдан бері «Күнделіктің» олқылығы мен тіимсіздігін ата-аналар айтып келеді. Бірақ билік басындағылар биыл ғана бұл мәселеге назар аударып отыр.

Сағындық СӘБИТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу